Астанада жастарға жұмысшы мамандықтарын таныстыру іс-шарасы өтті
АСТАНА.KAZINFORM — Бүгін Астана қаласының Индустриялық парк аумағында «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарына арналған арнайы таныстыру экскурсиясы өтті. Іс -шара «Жұмысшы мамандықтарының жылы» және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Экскурсия Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен, қала әкімдігі жанындағы «Astana Invest» инвестицияларды дамыту орталығының қолдауымен өтті. Іс-шараның мақсаты — жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, өндірістік бағыттағы кәсіптерге деген қызығушылықты ояту және кәсіби бағдар беру.
Шараға 100-ден астам жас қатысып, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, металл конструкцияларын шығаратын өндіріс орындары және жоғары технологиялы автоматтандырылған өндіріс желілерімен жабдықталған зауыттардың жұмысымен танысты.
Жастарға арналған кәсіби бағыт-бағдар беру сессияларында тәжірибелі инженерлер мен зауыт жетекшілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар экскурсияға қатысушыларға индустриялық парк аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен болашақтағы жұмыс орындары туралы кеңінен ақпарат берілді.

Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Сабырұлы Ибраев бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды.
— Біз жастарымыздың жазғы уақытта пайдалы еңбекпен айналысып, еліміздің индустриялық әлеуетімен танысқандарын қалаймыз. Жұмысшы мамандықтары бүгінде аса қажет және беделді салаға айналып келеді. Бұл — тек еңбек нарығына бейімделу ғана емес, сонымен қатар жастардың бойында экологиялық, әлеуметтік және кәсіби жауапкершілікті қалыптастырудың бір жолы. «Жасыл ел» жобасы арқылы біз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз, — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Жасыл ел» жастары экологиялық және қоғамдық маңызы бар істерге белсене атсалысып жүр. Атап айтқанда, бүгінгі шара аясында Индустриялық парк аумағында экологиялық сенбілік те ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» акциясы мен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» шеңберінде іске асырылды.

— Аталған шаралардың басты мақсаты — жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және оларды еңбекке баулу. Сонымен қатар жастар мен жалпы қоғамға табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін сіңіру. Ал «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында зауыт, өндіріс, коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегімен танысу — жастар үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие. Бұл — жауапты әрі маңызды жұмыс. Сондықтан жастарды еңбекке баулу, оларға идеологиялық қолдау көрсету — біздің ортақ міндетіміз, — деді Самат Ибраев.
«Жасыл ел» жобасы шеңберінде Астана қаласында жаз мезгілінде 5000-ға жуық жас жұмысқа тартылмақ. Маусым айының басынан бастап елордада 1000-нан астам жас түрлі бағыттағы абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына жұмылдырылған. Олар қаладағы саябақтар, скверлер, мектеп аумақтары мен Есіл өзенінің жағалауын тазарту жұмыстарымен айналысып жатыр.

— Бүгінгі жастар — ертеңгі өндіріс шеберлері мен инженерлері. Біз олардың өз елінің дамуына нақты үлес қосуын қалаймыз. «Таза Қазақстан» акциясы осы мақсатқа жетудің бір жолы. Бұл — тек бір реттік шара емес, жүйелі әрі ұзақмерзімді жұмыс, — деді ол.

Айта кетейік, бұл экскурсия — «Жасыл ел» жобасының 2025 жылғы маусымдық жұмыс кезеңінің бір бөлігі.
Бұған дейін, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 14 жастан асқан астаналықтар жұмыс істей алатынын жазғанбыз.