Астанада жатақханада шыққан өртті сөндіруге 15 техника жұмылдырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық өрт сөндірушілер 250 шаршы метр аумақты шарпыған өртті толығымен сөндірді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Алматы ауданының Бұқтырма көшесіндегі үш қабатты көпфункционалды ғимараттың төбесі, шатыры және үшінші қабатындағы бөлмелер жанды. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін үшінші қабатта төбе құлап, 40 адам өз бетінше далаға шықты. Өрт орнында жедел өрт сөндіру штабы құрылды. Өртті сөндіруге 7 су оқпаны берілді. Сондай-ақ, өрт болған жерде жылыту пункті ұйымдастырылды.
— 30 қарашада 101 пультіне сағат 17:52–де Алматы ауданы Бұқтырма көшесі 32 мекенжайында орналасқан үш қабатты жатақхана шатыры өртеніп жатыр деген ақпарат келіп түсті. Шақыру орнына бірінші бөлімше 6 минутта келіп жетті. Келіп жеткенде жатақхана төбесі өртеніп жатқаны анықталды. Өртті сөндіруге 15 техника, 65 жеке құрам жұмылдырылды. Өрт сағат 19:21–де оқшауланды. Сағат 20:27–де өрт жойылды. Өрт 250 ш. м. аумақты шарпыды, — деді Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Мауленбердиев.
Сонымен қатар, ТЖМ медицина және апаттар орталығының қызметкерлері тұрғындарға психологиялық және медициналық көмек көрсетті.
Бұған дейін Астанада жүк көлігінің жанармай багы жарылып, адамдар зардап шеккені хабарланды.