Астанада жемқорлық қылмысты ашу туралы оқу тренингі өтеді
АЛМАТЫ. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Маусымның 24-26-сы күндері Астанада жемқорлық қылмысты ашуға арналған оқу тренингі өтеді. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар мен халықаралық тәжірибе» деп аталатын халықаралық конференцияда айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жемқорлыққа қарсы күресте Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Қаржы полициясымен біршама уақыттан бері ынтымақтастық жасап келе жатыр. Бұл шараны да біз бірлесіп ұйымдастырып отырмыз. Ол жемқорлық қылмысты іздестіру, ашу, қылмыстық жолмен тапқан табысын тәркілеуге алуды зерттеу жөнінде болады», - дейді ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы орталығының басшысы Александр Кельчевский. Оның айтуынша, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Қазақстан үкіметінің құқық қорғау ұйымдарының халықаралық форумы бастамасын қолдайды. Сондай-ақ жемқорлықпен күрес саласындағы халықаралық конвенцияға қосылу жұмыстары мен жемқорлыққа қарсы елдердің альянсы тобына кіруіне үлкен ілтипат білдіріп отыр.