Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтетін жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты 22–24 шілде аралығына жоспарланған, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Ел біріншілігіне Қазақстанның 17 өңірінен 265-тен астам спортшы қатысады. Үш күн бойы ерлер мен әйелдер арасында 48 жеке бағдарлама бойынша, сондай-ақ, 4×100 және 4×400 метрлік аралас эстафеталарда жүлделер сарапқа салынады.
Жарыс жолына Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшылары шығады. Олардың қатарында Каролин Чепкоеч Кипкируи, Дэйзи Джепкемей, Кристина Овчинникова, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова, Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнур Мұхитдинов, Иван Иванов, Иван Товченник, Виктория Ан, Виталий Земс, Вячеслав Земс және басқа да спортшылар бар.
Федерацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі анықталады.
Айта кетейік, жарыстар Қазақ ұлттық спорт университетінің стадионында өтеді. Ал лақтыру дисциплиналары бойынша жүлделер Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінің секторларында сарапқа салынады.
Бұдан бұрын Қазақстан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатын алты медальмен аяқтағанын жазғанбыз.