Астанада жиһаз дайындауға тапсырыс қабылдаған екі алаяқ 19 адамды алдаған
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада тапсырыспен жиһаз дайындауға қатысты алаяқтық схема әшкереленді. Бұл туралы қала прокуратурасы мәлімдеді.
Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілердің бірі Instagram желісінен жиһаз дайындау туралы жарнаманы көріп, күдіктілермен келісім жасаған. Үйіне өлшем алдырғаннан кейін ол 4,5 млн теңге аударған. Алайда содан кейін күдіктілер онымен байланысын үзген.
Тергеу барысында олардың әрекетінен 19 азамат зардап шеккені анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 24,6 млн теңгеден асқан.
Сотта мемлекеттік айыптаушы екі сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық қажетті дәлелдерді ұсынды.
— Сот үкімімен олардың әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар олар 10 жыл бойы коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылды. Келтірілген залал сотталушылардан өндіріп алынатын болады, — делінген шығарылған үкімде.
Прокуратура азаматтарды жиһаз дайындауға тапсырыс берген кезде сақ болуға шақырды. Ақшаны қолма-қол немесе жазбаша шартсыз жеке банк картасына аудармау, төлемді растайтын чек пен құжаттарды талап ету ұсынылады.
Сондай-ақ шартта жиһаздың өлшемдері мен қолданылатын материалдар, бағасы, дайындау және орнату мерзімдері, сондай-ақ міндеттемелерді орындау мерзімі бұзылған жағдайда тараптардың жауапкершілігі нақты көрсетілуі қажет.
Осыған дейін БҚО тұрғыны жағымсыз исі бар жиһаз үшін сатушыдан 2,6 млн теңге өндіріп алғанын жазған едік.