Астанада жыл басынан бері жол ережесін 61 рет бұзған жүргізуші ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін ұзақ уақыт бойы әдейі және өрескел түрде бұзып келген жүргізушінің заңға қайшы әрекеттерін тоқтатты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаладағы рейд барысында BMW автокөлігі тоқтатылды. Тексеру нәтижесінде 27 жастағы жүргізушісінің жыл басынан бері 61 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Оның 59-ы — белгіленген жылдамдықты арттыру фактілері.
Жүргізушінің әрекеті қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндірген. Атап айтқанда ол Әл-Фараби көшесінде жаяу жүргіншілер өткелінен 133 км/сағ жылдамдықпен қызыл бағдаршамға өтіп кеткен. Бұдан бөлек, рұқсат етілген 90 км/сағ орнына 216 км/сағ жылдамдықпен жүргені де тіркелген.
Мұндай жауапсыздық пен заңды елемеу — азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін әрекет.
Қабылданған шаралар нәтижесінде құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
— Полиция заң талаптарын жүйелі түрде елемейтін тұлғаларға қатысты қатаң әрі қағидатты шаралар қолданылатынын атап өтеді. Айыппұлды төлеу фактісі жауапкершіліктен босатпайды және заң алдында барша азамат тең. Астана қаласы полиция департаменті тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Кез келген өрескел әрі қайталанатын құқық бұзушылықтар заң аясында тоқтатылып, тиісті жауапкершілікке әкеп соғады, — делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Марат Қожаев жол ережесін жиі бұзатындарға жазаның басқа түрін қолдануды ұсынған еді.