Астанада жыл бойы көркін сақтайтын «Төрт мезгіл» гүлзары ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың Нұра ауданында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Төрт мезгіл» гүлзарының салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті. 

Астанада жыл бойы көркін сақтайтын «Төрт мезгіл» гүлзары ашылды
Фото: Астана қаласының әікмдігі

Жобаны ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, жаңа гүлзардың басты идеясы — жыл мезгіліне қарамастан тұрғындарды қуантатын, жыл бойы тартымды жасыл аймақ құру. Ландшафт мамандары өсімдіктерді аумақтың төрт мезгіл бойы сәндік тартымдылығын, қанық түстері мен эстетикалық келбетін сақтайтындай етіп мұқият іріктеген.

Астанада жыл бойы көркін сақтайтын «Төрт мезгіл» гүлзары ашылды
Фото: Астана қаласының әікмдігі

— Гүлзар аумағында жөке, қарағай, шырша, емен, үйеңкі және мамыргүлді қоса алғанда, 15-тен астам түрлі сорттағы 400-ден астам ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, мұнда 20-ға жуық түрдегі 14 мыңнан астам бұта егілді, олардың арасында тобылғы, бөріқарақат, арша, сәлбен, шығыс гүлі және басқа да көптеген өсімдіктер бар, — делінген хабарламада.

Ағаштар мен бұталардың мұндай алуан түрлілігі ерте көктемнен қысқа дейін табиғаттың реңкі мен көркем келбетінің үздіксіз өзгеріп отыруына мүмкіндік береді.

Астанада жыл бойы көркін сақтайтын «Төрт мезгіл» гүлзары ашылды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Қазіргі уақытта гүлзарда жаяу жүргіншілер жолдары жабдықталып, ыңғайлы заманауи әткеншектер мен шахмат үстелдері орнатылған.

Таяу күндері қосымша орындықтар орнатуды аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша, жаңа кеңістік шағын аудан тұрғындарының күнделікті демалысына арналған функционалды орынға айналады.

Астанада жыл бойы көркін сақтайтын «Төрт мезгіл» гүлзары ашылды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Гүлзардың ашылуы ерекше атмосферада өтті. Аудан балалары үшін белгілі мультфильм кейіпкерлері бейнесіндегі аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Жас астаналықтар үлкен қуанышпен түрлі ойындар мен конкурстарға қатысып, сүйікті кейіпкерлерімен суретке түсті, тәтті сыйлықтар мен естелік кәдесыйлар алды. Ересектер таза ауада үстел ойындарын ойнап, көршілерімен әңгіме-дүкен құрып, уақытын белсенді өткізді.

Астанада жыл бойы көркін сақтайтын «Төрт мезгіл» гүлзары ашылды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

«Төрт мезгіл» гүлзары — тұрғындар таза ауада уақыт өткізе алатын шағын, бірақ өте жайлы серуендеу аймағы.

Мұндай бастамалар қалалық ортаның жайлылығын арттырып, экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, отбасылық демалысқа қолайлы жағдай жасайды.

Еске сала кетейік, жақында Астанада Урбанистика орталықтарын құру мәселесі көтерілгенін жазған едік.