Астанада «Жілік сындырудан» республикалық чемпионат өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Астана күніне орай елордада қазақтың көне ұлттық ойындарының бірі – «Жілік сындырудан» республикалық чемпионат өтті.

Астанада «Жілік сындырудан» республикалық чемпионат өтті
Фото: Астана әкімдігі

Додаға Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласының, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің командалары қатысып, өзара бағы мен бабын сынады.
Астана қаласындағы «Ұлытау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде (Баршын көшесі, 30/2) өткен жарыста әртүрлі жас санатындағы қатысушылар білек күші мен төзімділігін көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жілік сындыру – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Оның мәні – жілік сүйегін қолдың күшімен сындыру. Бұл сайыс қатысушылардан күшті, төзімділікті және шеберлікті талап етеді.

«Жілік сындыру – қазақ жігіттерінің қайрат-күшін сынайтын дәстүрдің бірі. Жілік сындыруға күшпен бірге айла-тәсіл де керек. Әсіресе тайдың жілігін сындыру өте қиын.

Әдетте қой сүйектерінің ішінде ұрып сындыруға домалақ жілігі оңтайлы. Тай сүйектерінің ішінде жіліншік алынады.

Ұрудың да әдісі бар: көлденеңнен емес, ұзыннан ұрған ұтымды. Бүгінгі жарыста сол машықтың бәрін меңгерген мықты жігіттер бақ сынады. Олар жылқы малының ортан және тоқпан жілігін сындырып, күшін көрсетті», – дейді ұйымдастырушы, «Мықты білек» ұлттық ойыны қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хамза Шубаев.

Жарыс соңында 18-37 жас аралығы бойынша 1 орынды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мықтылары иеленсе, 2-орын Ақмола облысының жігіттеріне, ал 3-орын Солтүстік Қазақстан облысынан қатысқан азаматтарға берілді. Соныме қатар 38-49 жас аралығында 1-орынды Ақмола, 2-орынды СҚО, 3 орынды Павлодар облыстарының қатысушылары алды. Одан әрі 50-61 жас аралығында үш орынды СҚО, Ақмола, Павлодар облыстары өзара бөлісті. 62 жастан жоғары қатысушылар арасында Павлодар, СҚО, Ақмола облыстарының қатысушылары жеңіс тұғырынан көрінді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар және сыйлықтармен марапатталды.