16:19, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Астанада «Жол картасы» аясында төрт мыңға тарта жұмыс орнын ашу жоспарланды
Астана. Мамырдың 28-i. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астанада «Жол картасы» аясында 113 жоба iске асырылып, төрт мың, анығы 3 977 жұмыс орны ашылуға тиiс. Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Астана қалалық әкiмдiгiнде «Жол картасы» инвестициялық бағытын атқару үшiн 7 138 млн теңге көлемiнде қаржылық лимит бекiтiлген.
Осы орайда негiзгi үш бағытқа баса назар аударылды. Бiрiншiсi - жергiлiктi маңызға ие жолдарды жөндеу мен реконструкциялау жайы. Бұл бағыт бойынша көлiк инфрақұрылымын дамыту мен жұмыспен қамту iсiн қолдау негiзiнде 52 жобаны атқарып, 1000 жаңа жұмыс орнын ашу көзделдi. Екiншi басым бағыт бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесiн жөндеу мен реконструкциялау жөнiнде 25 жоба iске асырылып, 1 420 жаңа жұмыс орны ашылуы тиiс. Бұл салада су өткiзу желiсiнiң құрылысы, коллекторлар мен энергиямен қамтамасыз ету желiлерiнiң және жарықтандыру құрылысын, сондай-ақ абаттандыру қолға алынады. Үшiншi - мектептер мен аурухана, емханаларды және өзге әлеуметтiк нысандарды жөндеу және оларды жылыту үшiн 36 жоба бойынша 1 557 жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Бұл шаралардың бәрi де халықты қайтсе жұмыспен қамту жайын көксегеннен туғанын аңдау керек.... «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекшi, бұл дағдарыстың әрбiр кезеңде әр елдi әртүрлi сипатта қамтыған дағдарыс атаулыдан ерекшелiгi - бұл құбылыс бiр ғана елдi емес, әлемдi «тонның iшкi бауындай» еттi. Бiрiнiң жайы төмендеп, бiрiнiң күйi кеткен елдер бiр-бiрiн қолдап, бiр-бiрiне дем берудi ойласқанымен, ақыры, «атадан алтау тусаң да, отаныңа жалғызсың», «балапан - басына, тұрымтай - тұсына» кетiп, аз-кемнен кейiн өздерiнше ес жиюға қарады. «Қара қазан, сары баланың» қамы үшiн әр ел өзiнiң хал-қадерiнше тiрлiк етпей болмайтыны анық болды. Бұл жөнiнен, әлемде ең жас астана салып, ғаламды аузына қаратқан қазақ елiне сын да, мiн де көбiрек. Сондықтан етек-жеңдi елден бұрын жинап, дағдарысты дамуға ұластыру жайы жоспар етiлдi. Мұның жөн екенiн бiлген бiрдi-екiлi елдер «е», десiп, «дағдарыс» деген сөздi қояйық дегенге пәтуаласыпты деген сөз құлаққа жетiп жатыр. Жыл басында қолға алған «Жол картамыз» сәттi iске асса және жаңа индустриялық-инновациялық бағдарлама жүйеленсе, жаңаруды еңсергенiмiз. Осынау маңызды шаралардың басты мақсаты - адамдардың әлеуметтiк ахуалын жақсартып, еңбекпен қамту. Еңбекке тартылған жандардың күнкөрiсi көтерiледi. Күнкөрiс артса, мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық ахуалының түзелгенi. Сонымен, Астанадағы еңбек жасындағы 370,9 мың адамның 343,6 мыңы жұмыспен қамтылып отыр. Бүгiнгi елорданың экономикалық және саяси-әлеуметтiк ахуалының көрсеткiшi - еңбек нарығы. Қалада жұмыссыздар саны 27,1 мың адам болыпты. Өткен жылы осы уақытта 24,8 мың едi. Яғни 2,3 мың адамға өсiп кеткен. Бұл - еңбекке қабiлеттi жастағы адамдардың 7,3 пайызы. Қала басшылығы қолдан келгеннiң бәрiн жасап жатыр. Бiрақ, бұл арада мына мәселеге мән беру керек. Астана қаласының халқы сәт санап толығу үстiнде. Елордаға бет алған үлкен көштiң алды орныққанымен, төрт құбыладан тартылған артқы тiзбектiң ұшы-қиыры әлi көрiнбейдi. Осы жылғы алғашқы тоқсанында Астанада 653 776 адам есепке алынды. Демек, мұнда елiмiздiң әр аймағынан қоныс аударған мамандардың бұл жерде де жеткiлiктi екенiн ескеру керек. Оның үстiне, өткен жылдың екiншi тоқсанынан бастап еңбек нарығындағы мынадай ахуал сипат алды. Құрылыс индустриясында мамандарға деген сұраныс күрт төмендеп, кейбiр құрылыс және басқа да компаниялар толық емес жұмыс тәртiбiне көштi. Бiреулерi еңбеккерлердi ақысыз демалысқа жiбердi. Сондай-ақ Мәлiметтер банкi басқармасына вакансия жариялау және бос жұмыс орындарына деген өтiнiш санының бiрден азайғаны да осы жайға қосымша болып кеттi. Өзiңiз салыстырып көрiңiз, мәселен, 2008 жылғы қаңтарда 4 500 бос жұмыс орны болатын. Ал 2008 жылдың желтоқсанында 1 700-ге дейiн кемiдi. Бұл көрсеткiш ағымдағы, яғни 2009 жылғы мамыр айының орта шенiнде мәлiметтер банкiнде елордадағы 187 жұмыс берушiден түскен 1 472 бос орынға вакансия бар екенi мәлiм болды. Астана басшылығы осы ахуалды сауықтыру үшiн елордалықтарды жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғау шараларын белсендi түрде қолға алып келедi. Осы мақсатта мамандыққа жақын кәсiп тауып беру, мамандарды қайта даярлау, бiлiктiлiктi арттыру, жұмыссыздарды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту, оның iшiнде дипломнан кейiнгi «Жастар тәжiрибесi» мен қыз-жiгiттердiң сабақтан бос уақытында жұмысқа уақытша орналастыру жайы да қарастырылған. Әртүрлi оқу орындарында оқитын жастарды жұмыспен қамту үшiн Астана қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасымен 54 жұмыс берушiнiң арасында «Жастар тәжiрибесi» бойынша 8 келiсiм-шарт жасалды. Оқушылар мен студенттер қатарынан 216 адам еңбекпен қамтылды. «Жастар тәжiрибесiне» 83 түлек жiберiлдi.
Еңбек нарығындағы ахуалдың шынайы сипатын айқындау үшiн №3 ТН үлгiдегi «Жасырын жұмыссыздық туралы мәлiметтер» мониторингiн жүргiзудi бастады. Ол бойынша күн сайын қаладағы iрi мекемелер мен шағын кәсiпорындарда қысқартылған немесе толық емес жұмыс тәртiбi бойынша жұмыс iстеп жүргендер мен ақысыз еңбек демалысына немесе өз еркiмен жұмыстан шыққан жағдай анықталатын болады. Осы ретпен елордада 35 кәсiпорынның толық емес жұмыс тәртiбiне көшкенi белгiлi болды. Мамырдың 20-сындағы жағдай бойынша, 612 адам толық емес жұмыс күнi тәртiбiмен жұмыс iстеп жүр. 1 748 адам ақысыз еңбек демалысына жiберiлген. Қондырғылар мен өндiрiстiң уақытша тоқтауына байланысты 15 адам үйiнде отыр. 118 адам өз еркiмен жұмыстан кетiптi. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың басынан берi қарай 35 ұйым 563 адамды жұмыстан босатқаны туралы ақпар бердi. Сонымен, азаматтарды жұмысқа орналастыру жайында атқарылып жатқан шараларға назар аударсақ, 2009 жылдың басынан берi Астана қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасына жұмыс сұрап 6 683 адам келген. Оның 3 240-ы, яғни 57,6 пайызы - қыз-келiншектер және 16 - 28 жас аралығындағы 2 075 адам,яғни 36,9 пайызы - жастар болып шықты.
Жұмыссыздар ретiнде арнайы есепте тұрғандар - 4 856 адам. Тiркелген жұмыссыздардың 1,2 пайызы - жалпы халыққа шаққанда еңбекке жарамды азаматтар.
Жыл басынан берi тұрақты жұмысқа 1 891 адам орналасты. Бұл - жұмыс сұрап келгендердiң 29 пайызы. Көрсеткiштiң мұндай аз болуының себебi тағы да жұмыс iздеушiлер қатарының күрт артып кеткенiнен және елордадағы еңбекпен қамту қызметiне бос орындар мен вакансия санының аз берiлуiнен. Сонда да болса, қала басшылығы қолда бар мүмкiндiктi пайдалануға тырысып келедi. Жыл басынан берi 12 бiлiм мекемесiмен 34 түрлi мамандық бойынша ынтымақтастық жөнiндегi екiжақты келiсiмшартқа қол қойылды. Кәсiби дайындық пен қайта даярлау және бiлiктiлiктi көтеру курстарына 680 адам жiберiлдi. Осы жылғы наурыздың 27-сiнен бастап Қазақстан iскер әйелдерi қауымдастығы Астана қаласы бойынша орталық офисiнiң басшыларымен жұмыс берушiлердiң есебiнен жұмыссыз қыз-келiншектердi нан пiсiрушi-кондитер, даяшы, мектепке дейiнгi балалардың тәрбиешi-күтушiсi және үй қызметшiсiн оқыту жөнiнде келiсiм жасалды. Жұмыссыз азаматтарды қоғамдық ақылы еңбекке тарту жайы да назарда тұр. Қоғамдық ақылы жұмысты ұйымдастыру үшiн жыл басынан берi 94 жұмыс берушiмен келiсiмшарт жасалды. Оның iшiнде 76 пәтер иелерi кооперативi тұрғын үй аумақтарын абаттандырып, тазалау, жөндеу жұмыстарына тартты. Бес айдың iшiнде 696 адам осы бағытта жұмыс iстедi. Сәуiр айының аяғында, бюджеттi анықтау кезiнде осы шараға қосымша 86,2 млн теңге бөлiндi. Бұл, әрине, қоғамдық ақылы жұмысқа ниет еткендер қатарының артуына сеп болды.
Сонымен, аталған iргелi шаралардың барлығына «Жол картасы» айтулы бағдаршам болды. «Жол картасын» iске асыру аясында елордалық 11 869 азамат мынадай төрт негiзгi бағыт бойынша мамандарды даярлау мен қайта даярлауға, сондай-ақ бiлiктiлiктi арттыру шараларына тартылмақ. Бiрiншiсi, «Босаған мамандықтарға даярлау мен қайта даярлау» бағытына 4 151 адам жiберiледi. Екiншiсі, «Иесiн күтiп тұрған вакансияларға арналған мамандарды қайта даярлау» бағытына 256 адам барады. Үшіншісі, 1 135 адам қажет делінетін «Экспорттық мамандықтарды iске асыру үшiн мамандар дайындау» аталатын бағыт. Ал төртiншiсі, «Шетелдiк кадрларды алмастыру мақсатында қазақстандық кадрларды қайта даярлау» бойынша, 6 327 адам тартылмақ.
Әлеуметтiк арнайы жұмысшылық орын бағдарламасын кеңейту үшiн 2 256 адамды еңбекпен қамту үшiн қосымша 211,4 млн теңге бөлiндi. Сондай-ақ, 1 521 түлектi еңбекке тартуға «Жастар тәжiрибесiн» қолдануға 142,5 млн теңге бердi. «Жол картасы» жайдан-жай қолданылған құжат емес. Бүгiнде оның алғашқы нәтижелерi жемiсiн бере бастады. Әкiмшiлiктер мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi байқауларды жариялай бастады. Қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы жұмыссыз азаматтар қатарынан аталған жобаларды iске асыру тобын жасақтады. «Жол картасының» ықпалымен 20-дан астам бiлiм ұйымдары еңбек нарығына қажеттi 70-тен астам мамандық бойынша оқытуға атсалысуға ниет бiлдiрiп отыр. Барлық курсанттарға 7 500 теңгедей стипендия төленбек.
Мамыр айынан бастап кәсiби даярлық курстарына 248 адам жiберiлдi. Олардың бәрi де курсты тәмамдағаннан кейiн «Жол картасының» инвестициялық бағытын жүзеге асыруға жiберiледi. Басқалары тағы да қажеттi, тиiстi орындарға баратын болады. Мәселен, бүгiнде балалар бақшаларында тәрбиешi, орта медициналық буын саласына және әлеуметтiк жұмысшылар қажет. Дегенмен, жұмыстан қысқарып қалғандар мен жұмыс таба алмай жүрген жастарға, сондай-ақ, оралмандарға басымдық берiлмек. Мамырдың басынан берi 21 адам әлеуметтiк жұмыс орындарына жiберiлдi. Ал «Жастар тәжiрибесiнiң» ауқымы одан әрi кеңейтiлiп, 1 521 түлекке жұмыс тауып беретiн болады.
Бүгiнде қала әкiмшiлiгi «Астана қаласының Еңбек биржасы» бастамасын қолдап отыр. «Еңбек биржасы» өтiнiштердi қабылдау мен есепке алып, жұмысқа орналастырумен тiкелей айналыспақ. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы ұсыныстар мен өтiнiштер базасына және еңбекпен қамту барысына сараптама жасайды.