Астанада жөндеу кезінде лифт құлап, бір жұмысшы көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы тұрғын үйлердің бірінде лифт құлау оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға кезінде лифт ішінде қызмет көрсетуші ұйымның жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан қызметкерлері болған.
- Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы екі жұмысшы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша еңбекті қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, қазіргі кезде елдің тұрғын үй қорында 33 858 лифт жабдығы бар. Оның ішінде 4 144 лифт 25 жылдан астам пайдаланылып келеді, ал 3 195 лифт техникалық қызмет көрсету аясында күрделі жөндеу жүргізуді талап ететінін жазғанбыз.