Астанада ЖӨӨ республикалық көрсеткіштен 2 есе артық

Сессия жұмысына Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин, «Алматы», «Есіл», «Сарыарқа» аудандары әкімдерінің орынбасарлары, Астана қаласының департаменттері мен басқармаларының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. - 2014 жылғы бюджеттік саясат қаланы дамыту бағдарламасында және бюджеттік бағдарламаларда айқындалған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды. Былтыр жергілікті бюджеттің жеке кіріс жоспары 103,3% орындалса, жоспардан тыс 5 289,7 миллион теңге келіп түскен. Жалпы алғанда, Астана қаласының 2014 жылғы бюджетті жұмсау жоспары 99,4% орындалды, - деп атап өтті Руслан Досаев. Оның айтуынша, бюджетті үйлестіру кезінде елорданың өмірлік маңызы бар салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. 2014 жылы білім беру жүйесін дамыту аясында 19 мектеп пен 17 балабақша жөндеуден өткізілген. Сессия барысында Астана қаласы бойынша ревизиялық комиссияның төрағасы Ғалымжан Молдаш Астана қаласының 2014 жылғы бюджетін орындау туралы есеп бойынша бақылау нәтижелері мен қорытынды есепті ұсынды. Қалалық мәслихаттың шешімімен Астана қаласының 2011-2015 жылғы даму бағдарламасына өзгерістер мен түзетулер енгізу бекітілді. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Түгелбаева Айжан әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді талдау елорданың экономикалық дамуының қарқынды жүріп жатқанын айқындайтынын атап өтті. 2014 жылдың қорытындысы бойынша Жалпы өңірлік өнім нақты өсімі 9%, ЖӨӨ жан басына шаққандағы көлемі 4,7 млн теңгені құраған, бұл республикалық көрсеткіштен 2 есеге артық. Бағдарламаға өзгерістер мен түзетулер енгізу барлық орталық салалық министрліктермен мақұлданған. Сонымен қатар, сессияда жер телімдерін мемлекеттің қажеттілігі үшін алуға байланысты жер телімін немесе басқа да жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша келісімшарттар жобалары мақұлданды. Мәслихат сессиясының шешімімен Астана қаласындағы құқықты қамтамасыз ету және мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту бойынша үйлестіру кеңесінің құрамы бекітіліп, Астана әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялар құрамына өзгерістер енгізіліп, мәслихаттың «Астана қаласындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және жою ережелері туралы» шешімі кері қайтарылды. Бұдан бөлек, сессияда 4-ші сайлау округының депутаты Мәжит Шайдаровты Астана қалалық мәслихатының Бюджет, экономика, өндіріс және кәсіпкерлік мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының мүшесі етіп сайлау туралы шешім қабылданды. Жалпы, сессия шеңберінде қалалық мәслихат депутаттары 11 мәселені қарады.