Астанадағы балалар ауылында күн электр станциясы іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM - Эколог күнініне орай Астанадағы «SOS балалар ауылы» аумағында энергия жинақтау жүйесі бар алғашқы шатырлық күн электр станциясы іске қосылды.
Күн электр станциясы күн панельдерін, энергия жинақтау құрылғыларын және сыртқы жарықтандыру жүйесін біріктіреді. Жоба мекеменің электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен жартысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бастама Energy China корпорациясының қолдауымен, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен Қытай кәсіпкерлері қауымдастығының қатысуымен жүзеге асырылды.
Балалар ауылының директоры Гүлнар Өскенбаеваның айтуынша, күн батареяларын пайдалану электр энергиясына жұмсалатын шығынды азайтуға ықпал етеді.
- Осылайша, бұл үнемделген қаражатты тәрбиеленушілерді қолдауға және мекемені дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді, - деді мекеме басшысы.
Қазір балалар ауылындағы 16 үйде 85 бала тұрады. Мекеме ай сайын орта есеппен 8 мың киловатт-сағат электр энергиясын тұтынады. Басшылық алдағы уақытта күн панельдерінің көлемін ұлғайту арқылы электр энергиясына деген қажеттілікті толық жабуды жоспарлап отыр.
Бұл бастама елордада жасыл технологияларды дамытуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобалардың бірі болды.
Еске салайық, елімізде электр энергиясын өндіру көлемі артқан.