Астанадағы дәмханада жаппай улану: Тексеріс нәтижелері белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы «Koktem» дәмханасының басқарушы директоры Данияр Байтоқов жаппай улануға себеп болған – санитарлық талаптарға сай келмейтін шикі ет партиясы екенін хабарлады.

Еске сала кетейік, 17 сәуірде Астанадағы танымал дәмханалардың бірінде 10 шақты адам уланған болатын.
— Біз зертханалық талдау нәтижелерін алдық. Дәмханамызға санитарлық нормаларға сай келмейтін өнім жеткізілгені анықталды. Сонымен қатар, асханамыздың толықтай таза екені туралы қорытынды да қолымызға тиді. Нақты улану көзі – сырттан жеткізілген шикі ет. Қазір Астана қаласы полиция департаменті мен СЭС бірлесіп ресми тергеу жүргізіп жатыр. Біз тиісті органдармен ашық жұмыс істеп, барлық қажетті ақпаратты бердік, — деп мәлімдеді Данияр Байтоқов Instagram парақшасында.
Ол қабылданған шаралар туралы да айтты:
-
Барлық өнім жойылды;
-
Барлық жабдық пен үй-жайлар толықтай жуылып, тазаланып, дезинфекцияланды;
-
Шикізатты қабылдаудан бастап, тағам дайындауға дейінгі барлық кезең қайта тексерілді;
-
Санитарлық талаптар күшейтіліп, қызметкерлер қайта оқытылды;
-
Штатқа санитар дәрігер енгізілді;
-
Барлық аймақтар кәсіби түрде химиялық өңдеуден өткізілді.
— Біз дәмхананы барлық процестердің 100% қауіпсіз екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана қайта ашамыз. Біз сенімді ақтамадық және бұл үшін жауаптымыз. Болған оқиғаны өзгерте алмаймыз, бірақ бұдан былай мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін бар күшімізді саламыз, — деді Байтоқов.
Бұған дейін бұл оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғаны хабарланған.