Астанадағы экологиялық саммитте 30-дан астам құжатқа қол қойылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өтетін Өңірлік экологиялық саммитке ірі халықаралық ұйымдар қатысады. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев мәлім етті.
- 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Қазақстанда маңызды халықаралық оқиға – Өңірлік экологиялық саммит (ӨЭС) өтеді. Бұл іс-шара - өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған Қазақстанның дәйекті саясатының қисынды жалғасы. Саммит Біріккен Ұлттар Ұйымымен серіктестікте өткізіледі, сондықтан БҰҰ жүйесінің бейінді агенттіктері Саммитті дайындауға және өткізуге белсенді қатысады. ЮНИСЕФ, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік және Халықаралық энергетикалық агенттік сияқты ірі ұйымдармен негізгі сараптамалық әрі мазмұнды қолдау көрсетеді. Олардың қатысуы тұрақты дамудың жаһандық басымдықтарын ескере отырып, саммиттің күн тәртібін қалыптастыруға және озық халықаралық тәжірибеге сүйенуге мүмкіндік береді, - деді Мансұр Ошурбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, саммитке қатысу үшін қазіргі кезде 2,5 мыңнан астам адам тіркелген және соның 1 мыңнан астамы шетелдік мейман. Сондай-ақ мемлекет басшыларын, халықаралық ұйымдардың басшыларын, министрлер мен делегация жетекшілерін ескере отырып, 93 жоғары лауазымды қонақтың қатысуы жоспарланған.
- Саммиттің мазмұнды бөлігіне келетін болсақ, Саммит ең алдымен нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталғанын атап өткен жөн. Саммит қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының экология және орнықты даму саласындағы өңірлік ынтымақтастық туралы бірлескен декларациясы қабылданады деп күтілуде, - деді вице-министр.
Саммит алаңдарында RES EXPO 2026 Халықаралық «жасыл» технологиялар көрмесін өткізу жоспарланған. Онда Орталық Азия елдерінің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін енгізілетін технологияларды ұсынады.
Мансұр Ошурбаевтың сөзіне қарағанда, саммит барысында 30-дан астам меморандум мен келісімге, сондай-ақ басқа да құжаттарға қол қойылмақ.
Таратылан мәліметке қарағанда, ӨЭС аясында мемлекет басшылары деңгейінде екі іс-шара өткізу жоспарланған: пленарлық отырыс және Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы.
Пленарлық отырысқа БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының (ЮНЕП) атқарушы директоры Ингер Андерсен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, Сулы-батпақты алқаптар туралы Рамсар конвенциясының Бас хатшысы Мусонда Мумба қатысады деп күтілуде.
ӨЭС жұмысына Орталық Азия елдерінің, Арменияның, Әзербайжанның, Беларусьтің, Грузияның, Иранның, Қытайдың, Моңғолияның, Пәкістанның, Словакияның экология саласындағы ведомство басшыларының, БҰҰ ұйымдарының атқарушы директорлары мен өкілдерінің, халықаралық ұйымдардың бас хатшылары мен жетекшілерінің, халықаралық қаржы ұйымдары өкілдерінің қатысуы жоспарланған.
Еске салсақ, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізетінін мәлім етті.