Астанадағы кептелістен тұрғындар діттеген жеріне уақтылы жете алмай тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін таңертең елордада ауқымды көлік кептелісі басталды. Осыған орай агенттік тілшісі қаланың қай көшелерінің жабық екенін анықтап көрді.

Астана әкімдігінің дерегінше, бүгінде сол жағалаудағы жолдарды орташа жөндеуге қатысты ахуал мынадай:
Сарайшық көшесі Б.Момышұлы даңғылынан Тұран даңғылына дейін жолдың үстінгүң жабынын төсеу үшін толық жабық. Жөнде жұмыстарын 17 маусым күні сағат 6:00-де аяқтау жоспарланған.

Қабанбай батыр мен Ұлы дала даңғылдарының қиылысы да жабық тұр. Бұл аралықтағы жөндеу жұмыстары бүгін кешкі сағат 23:00-ге қарай аяқталады.

Қабанбай батыр даңғылының Ұлы дала мен Хусей бен Талал көшесіне дейінгі аралығында да көлік жүре алмайды. Бұл учаскедегі де жөндеу жұмыстары бүгін кешке бітеді.

Әкімдік Мәңгілік ел даңғылы жақтан Марал көпірінің жолы да жабық тұрғанын ескертеді. Қазіргі уақытта Тәуелсіздік көпірімен көлік қатынап жатыр.

«Биыл жол инфрақұрылымына басымдық беріледі. Соған орай осы жылы жолдарды салу және жөндеу жұмыстарының көлемі артады. Бұл ретте климаттық ауа райы жағдайын ескерер болсақ, жол жөндеу маусымының қысқа екендігін атап өтеміз. Сол себепті жолшылар бірден бірнеше көшені жөндеп жатыр. Дегенмен, жол қозғалысы да ескеріледі. Жұмыстардың бөлігі аяқталды», - деп атап өтеді әкімдіктің баспасөз қызметі.


Естеріңізге сала кетейік, мамыр айының басынан Астанада ауқымды жол жөндеу маусымы басталды. Елорда әкімдігі қазан айына дейін 51 көшені жөндемек. Жоспарға сәйкес, жол жабынын орташа жөндеу жалпы ұзындығы 53,8 шақырымды құрайтын 51 көшеде жүргізіліп жатыр.