Құтқарушылар Астанадағы қоқыс полигонындағы өрт қалай сөндірілгенін көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Байқоңыр ауданында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өрт толық сөндірілді.
Оқиға орнында іс-қимылды үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен жедел штаб құрылды.
Өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізілді. Өртті тиімді сөндіруді ұйымдастыру үшін ТЖМ-нің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
— Сонымен қатар полигон аумағын инертті материалмен жабу бойынша инженерлік жұмыстар жүргізілді. Осы мақсатта Астана қаласы әкімдігі инженерлік және құрылыс техникасының жұмысын қамтамасыз етіп, топырақты жеткізу үздіксіз ұйымдастырылды. Жалпы полигонға 15 мың тоннаға жуық инертті материал жеткізіліп, пайдаланылды. Бұл полигон аумағын барынша толық жабуға, жану ошақтарын оқшаулауға және өрттің қайта таралуына жол бермеуге мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.
ТЖМ бөлімшелері мен Астана қаласы әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде 3 гектар аумақты шарпыған өрт толық сөндірілді.
Бұған дейін Байқоңыр ауданы Алаш тас жолының бойында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағында қоқыс өртке оранғанын жазғанбыз.