Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанадағы тұрғын үйлердің қасбетіне кондиционер орнатуға тыйым салына ма

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада тұрғын үйлердің қасбеттеріне кондиционер орнату тәртібін өзгерту жоспарланып отыр.

Актау Ақтау
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жаңа талаптар қаланың жаңартылған дизайн-кодына енгізіледі. Онда тұрғын үйдің класы, сәулеттік ерекшеліктері және ғимараттың сыртқы келбеті ескерілмек.

Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, тұрғын үйлердің әртүрлі санаттары үшін жеке-жеке талаптар белгіленеді. Мысалы, кейбір ғимаратта кондиционердің сыртқы блоктары арнайы сәндік қораптарға орнатылуы тиіс. Ал басқа санаттағы үйлерде олар ғимараттың сәулетімен үйлесіп, көшеден көрінбейтіндей етіп жасырылуы қажет.

Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметовтің айтуынша, жаңа құжатта кондиционерлерді орнатудың нақты тәртібі көрсетіледі.

Қозоғистонда кондиционер ва уни ўрнатиш нархи қанча
Коллаж: Kazinform / AI

— Бұл құжатта кондиционерлердің қалай және қандай тәртіппен орнатылуы керектігі нақты жазылған, — деді ол.

Алайда жаңа талаптардың сақталуын бақылау тәртібі мен оларды орындамағандарды жауапкершілікке тарту шаралары әзірге айқындалмаған. Басқарма өкілдерінің айтуынша, дизайн-кодтың орындалуын қадағалау тетігі бөлек құжатпен бекітіледі.

Алтынбек Ахметов қазіргі таңда әңгіме дизайн-кодтың мазмұны туралы ғана болып отырғанын мәлімдеді. Ал оны қолдану тәртібі кейін жеке реттелмек.

Тұрғын үйлердің әртүрлі санаттары үшін кондиционерлерді орналастыруға қатысты жеке-жеке талаптар енгізіледі. Урбанистика орталығының өкілі Данияр Шындалиевтің айтуынша, бірінші және екінші санаттағы тұрғын үйлерде кондиционердің сыртқы блоктары ғимараттың сәулетіне сай келетін арнайы себеттерге орналастырылады.

Оның айтуынша, мұндай конструкциялар түсі мен безендірілуі жағынан ғимараттың жалпы сәулеттік стилімен үйлесуі тиіс.

Ал басқа санаттағы тұрғын үйлерде кондиционерлер ғимараттың сәулеттік жобасына алдын ала енгізіліп, сырт көзге көрінбейтіндей етіп орнатылуы қажет.

Автобусная остановка, Астана, Автобус аялдамасы, кондиционер
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Кондиционерлерді ғимараттың сәулеттік стиліне қосу қарастырылған. Олар сырттан көрінбеуі керек. Сондай-ақ, кондиционер ғимараттың қасбетіне емес, көтеріп тұратын арнайы конструкцияға бекітілуі тиіс, — деді ол.

Бұған дейін салынған үйлердің қасбетіне кондиционерлерді орнату мәселесі бұрынғыдай тұрғындардың ортақ шешімімен қаралады. Ондай шешім пәтер иелерінің жалпы жиналысында қабылданады.

Алтынбек Ахметовтің мәлімдеуінше, тұрғындар келісім берген жағдайда да ғимараттың сыртқы сәулеті сол қалпында сақталуы тиіс. Сондықтан орнатылған кондиционер арнайы қаптамамен немесе материалмен жабылуы қажет.

— Үй салынып, қолданысқа берілгеннен кейін кейбір азамат кондиционер орнатқысы келуі мүмкін. Бұл мәселе тұрғындардың жалпы жиналысының хаттамасы арқылы шешіледі. Егер барлық тұрғын келісіп, кондиционерді қасбетке орнатуға рұқсат берілсе де, ол міндетті түрде ғимараттың сәулеттік стилін бұзбайтын арнайы элементтермен қапталуы тиіс, — деп түсіндірді ол.

Актау Ақтау
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жаңа талаптарды бұзған азаматтар тартылатын жауапкершілік қашан енгізілетіні әзірге белгісіз. Дизайн-код бекітілгеннен кейін бақылау және жауапкершілік тәртібі жеке құжатпен айқындалады.

Қазір азаматтар абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін тартылатын жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабында қамтылған.

Ал кондиционерлерді орнатуға қатысты жаңа талаптарды бұзу фактілері де осы бап бойынша қарала ма, жоқ па — бұл мәселе әлі нақтыланбаған. Жоғарыда жазғанымыздай, бақылау және әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібі кейінірек жеке құжатпен белгіленеді.

Айта кетейік, бұған дейін елордада дизайн-кодқа сай жөнделетін үйлер тізімі бекітілді.