Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанадағы бірқатар ірі базарлар заңсыз жұмыс істеп жатыр - «Нұр Отан» партиясының филиалы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы Астанадағы базарларды қадағалайтын өкілетті мемлекеттік органдардың жауапкершілігін сынға алды.

Астанадағы бірқатар ірі базарлар заңсыз жұмыс істеп жатыр - «Нұр Отан» партиясының филиалы

«Осы базарлар жұмысының алғашқы күнінен бастап, яғни сауда орындарына жер телімін бөлген күннен құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейінгі шараларды бақылауға құзырлы бірқатар өкілетті органдардың әрекетсіздігін жауапсыздық деп бағалауға болады. Бұл тұрғыда сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасалуы ықтимал», - деді партия филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Дәулеткерей Рахметуллин.

Оның мәліметтеріне қарағанда, Астана аумағында барлығы 24 сауда базары жұмыс істейді. Олардың көпшілігі бұрыннан қызмет жасауда. Алайда, базарлардың жаңалары да, ескілері де жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген міндеттемелерін орындамай отырған көрінеді.

«Жағдайы жасалған жабық базарларды салудың орнына, басшылық өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамай, контейнерлерді орнатумен шектелуде. «Олжа», «Ажар», «Нұр», «Бақ» секілді базарлардың қызметі мүлдем заңсыз. Бұл сауда орындарында жер, сауда, санитарлық-эпидемиологиялық заңнамалар бұзылуда. Осыған байланысты өкілетті органдар бұл мәселеге баса назар аударуы тиіс», - деп атап көрсетті ол.

Сонымен қатар Д. Рахметуллин бірқатар базарларда көші-қон, салық заңнамалары талаптарының орындалмауына жол беріліп отырғандығын жеткізді.