Астанадағы «Гүлдер» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, үлескерлер пәтерлі болды
«BI Group» компаниясы Астанадағы «Гүлдер» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтады. Бұл туралы «Самұрық-Қпазына» қоры баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында айтылған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін осы тұрғын үйдің үлескерлеріне пәтерлерінің кілттерін салтанатты түрде тапсыру рәсімі болып өтті. Аталмыш кешеннің құрылысын салу кезінде 450 млн.теңге игерілді. Қаланың оң жағалауында орналасқан 12 қабатты тұрғын үйде 190 пәтер бар, жалпы аумағы 11 мың шаршы метр. Бұл кешендегі 189 пәтер үлескерлердікі. Құрылыстың материалы кірпіш, қабырғалардың қалыңдығы 69 см, дыбыссыз лифтпен қамсыздандырылған. Алғашқы қабатында медициналық орталық, дүкен, жалпы тұрғындарға қажетті нысандар болады. «Самұрық-Қазына» Қаржы және даму институттарын басқару жөніндегі директоры Бақытжан Сәркеев Қор құрылысын аяқтау бойынша міндеттеме алған нысандардың барлығы да уақытында берілетінін атап өткен. «BI Group» компаниясы басшысы Айдын Рахымбаевтың айтуы бойынша, Қор тарапынан бөлінген қаржы холдингтің қалған нысандарын аяқтауға жеткілікті. Холдинг осылайша, Мереке-2, Солнечный город-2, Байқоныс, Зерде және Достар-3 тұрғын үйлерін 2010 жылы аяқтамақ. Ал Лазурный квартал, Сармат нысандары 2011 жылдың екінші тоқсанында аяқталады.Үлескерлердің мәселесін шешумен қатар, нарықта 2077 пәтер пайда болады.