Астанадағы Индустриалдық паркте 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны қамтылады
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2017 жылға қарай Индустриалдық парктің кәсіпорындары жыл сайын шығарған өнімі 150 миллиард теңгені құрайтын болады. Бұл туралы бүгін Астананың Индустриалдық паркіндегі жобаларды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстыру барысында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Осыдан алты жыл бұрын Өзіңіздің тікелей тапсырмаңызбен Астанада озат өндірістің ошағы - Индустриалдық парк жұмысын бастаған болатын. Бүгін ол өзінің кезекті нәтижелерін беріп отыр»,-деп тоқталды қала әкімі.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, И. Тасмағамбетов қазіргі кезде Индустриалдық парк аумағында 181 миллиард теңгенің 49 жоба айқындалғанын жеткізді. Оның 11-і бүгінде табысты жұмыс істеуде, ал қалған 30-ы жүзеге асыру кезеңінде.
«Индустриалдық парктің жалпы барлық тіркелген 49 жобаның өндірістік іске қосылуы 2016 жылдың соңына дейін жоспарланған. Осы арқылы елорда нақты көрсеткіштері бар елеулі әлеуметтік-экономикалық әсер алады. Мәселен, 2017 жылға қарай Индустриалдық парктің кәсіпорындары жыл сайын шығарған өнімі 150 миллиард теңгені құрайтын болады. Бұл тұрғыда 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылып, мемлекеттік қазынаға бағытталатын салықтық түсімдер көлемі төрт есеге артып, 70 млрд. теңгені қамтымақ», -деді әкім.