Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті студенттерінің арасында ақындар мүшәйрасы өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Университет жанында жұмыс істейтін «Жас түлек» клубының бастамасымен ұйымдастырылған мүшәйра оқу орны қабырғасында алғаш өткізілді. Дегенмен бұл байқауды студенттерге білім бере отырып, оларды тәрбиелеу мақсатында университетте өткізіліп тұратын көптеген дәстүрлі іс-шаралар мен сайыстардың қатарына қосуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті ҚазАТУ-дың Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Александр Майер.
Жас қаламгерлерді анықтап, оларға қолдау көрсету арқылы поэзияға құштарлықтарын арттыруды және сол арқылы патриоттық тәрбие беруді көздеген байқауға, алдын ала іріктеуден өткен 12 талап қатысты. Олар қазылар алқасы мен көрермендер назарына Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі және еркін тақырыпта жазылған екі шығарма ұсынды.
Жас ақындар Қазақстан тәуелсіздік туын желбіреткенге дейінгі бастан кешкен оқиғаларды, осы жолда өмірлері қыршын кеткен алаштықтарды, 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шыққан жастарды жырларына қосып, оларды нақышына келтіріп орындап берді. Қаламгерлердің туындыларынан қазақтың ұлан-байтақ кең даласын, оның байлығы мен қонақ жайлылығын, бас ордамыз Астананың күнсанап гүлденуін мақтан тұтатындықтары айқын көрінді. Өз елдерінің нағыз патриоттары ретінде «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын қолдап, ауылды көркейтуге шақырған үндеу жолдары да болды.
Өз кезегінде қазылар алқасы өлең тақырыбының ашылуын, мазмұнын, поэзияға тән жалпы талаптардың сақталуы мен мәнерлеп жеткізе білу қабілеттерін бағалады.
Байқау нәтижесінде бірінші жүлделі орынға Айнұр Зейнелхабыл (ветеринария және мал шаруашылығы факультеті), екінші орынға Жадыра Имашева (техникалық факультет) және үшінші орынға Жансерік Өтебаев (жерге орналастыру факультеті) лайық деп танылды.
Жеңімпаздар қомақта ақшалай сыйлықтармен марапатталса, барлық қатысушылар түрлі аталымдар бойынша дипломдармен марапатталды.