Астанадағы проблемалық 19 тұрғын үйдің саны тағы 12 нысанға артып отыр ? И.Тасмағамбетов

АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов экономиканы тұрақтандыру шаралары аясында құрылысын аяқтау үшін «Жаңа құрылыс» ЖШС-ға берілген бірқатар проблемалық тұрғын үйлердің құрылысын аралап көрді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қала әкімі 252 үлескер қатысқан «Тәуелсіздік» тұрғын үй кешенінің, 389 үлескері бар «Алтын ғасыр» және 275 үлескер тартылған «Байқоңыр» тұрғын үй кешендерінің құрылысымен танысты. «Өздеріңізге белгілі, Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет өткен жылы Астанадағы 19 проблемалық тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін 17,2 миллиард теңге бөлді. Бүгінде оның 2,266 миллиард теңгесі игерілді. Аталмыш нысандардың құрылысын жүргізуге 2,5 мыңға жуық жұмысшы тартылып отыр. Үйлердің алды шілде айында, соңы желтоқсан айында пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін проблемалық тұрғын үйлердегі 3,5 мың үлескердің баспана мәселесі толығымен шешілетін болады», - деді ол.Сондай-ақ И.Тасмағамбетовтың атап көрсеткеніндей, «Жаңа құрылыс» ЖШС-ға берілген 19 тұрғын үйге тексерістер жүргізіліп, нәтижесінде оның тек 10-ның құрылысын жандандыру туралы шешім шығарылды. Ал қалған 9-ының құрылысын жүргізу қосымша шығындарды қажет ететін болғандықтан, ондағы үлескерлер салынып бітірілетін үйлерге қайта бөлінді. Астана әкімінің сөзіне қарағанда, егер өткен жылдың ортасында алданған үлескерлердің қатысуындағы 19 проблемалық тұрғын үй тіркелсе, бүгінде оның саны әртүрлі себептерге байланысты тағы 12 нысанға көбейген. «Олардың құрылысын аяқтау үшін қосымша 10-12 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет. Бүгінде бұл мәселе Үкіметпен бірлесе пысықталып жатыр және алдағы уақытта шешімін табатын болады деп сенемін», - дейді И. Тасмағамбетов.
Соңғы жаңалықтар