Астанадағы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да «Қазақстан Республикасы аграрлық университеттерінің күндері» өтеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазАТУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елімізде алғаш рет өткізілгелі отырған аграрлық саладағы жоғарғы оқу орындарының күндеріне Алматыдан Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, Оралдан Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректорлары бастаған делегациялар қатысады.
Басқосу күндері аталмыш оқу орындар - аграрлық университеттердің білім беру үрдісінде инновациялық технологияларды қолдану, ауыл шаруашылығы салаларына ұсынылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын ортақ бағытта жүргізу, білім сапасының мониторигі мен менеджменті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін ақпараттық ресурстар мен озық тәжірибелерді ортақ мақсатта пайдалану, студент-жастар тәрбиесі және басқа да мәселелер жөнінде тәжірибе алмасады деп жоспарлануда.
Осы бағыттар бойынша алдағы уақытта етене жұмыстар атқару мақсатында еліміздің аграрлық университеттері үш жақты келісімге қол қоятын болады.
Сондай-ақ іс-шаралар шеңберінде, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академиктері мен ЖОО-лардың ғылым докторлары және кандидаттарының дәрістері тыңдалып, кафедраларда жұмыстық кездесулер, дөңгелек үстелдер мен концерттік шаралар өткізу көзделуде.