Астанадағы жаңа университеттің маңында инновациялық-интеллектуалдық кластер орналасуы тиіс - Мемлекет башысы
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астанадағы жаңа университеттің маңында инновациялық-интеллектуалдық кластер орналасуы тиіс.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында мәлім етті.
«Ғылым туралы» жаңа Заң біздің ғылымға жүйелі мемлекеттік қолдау жасауға негіз салып отыр. Отандық ғалымдарды қолдау қажет. Астанадағы жаңа университеттің маңында инновациялық-интеллектуалдық кластер орналасуы тиіс. Ол трансферттер мен жаңа технологияларды құруға ықпал етуі тиіс»,-деп тоқталды Елбасы.
Осы орайда Президент елорда маңында жоғары технологиялық кәсіпорындарды құра отырып, осы тәжірибе Қазақстанның өзге де ғылыми, білім беру орталықтарына таралатынын жеткізді.
«Заңнамалық негіз бізде бар. «Индустриялық-инновациялық қызметке мемлекеттік қолдау жасау туралы» жаңа Заң қабылданды. Оның негізінде инновациялық әлеуетті, мемлекеттің, бизнестің және ғылымның өзара іс-қимылын арттыру керек. Үкіметке мемлекеттік және жекеменшік әріптестіктің жаңа формаларын енгізуді қарастыратын заңнаманы әзірлеуді тапсырамын»,-деп түйіндеді Н. Назарбаев.