Астанадан Алакөлге тікелей пойыз жүреді

Жәнібек Тайжанов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде танымал туристік аймақтардың бірі – Алакөлге енді туристер елорда және басқа да өңірлерден тікелей пойызбен жете алады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма басшысы Жәнібек Тайжанов мәлім етті. 

«Теміржол – еліміздің туризм саласын дамытуда ерекше рөл атқарады. Биыл Алакөлге Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облысынан тікелей пойыз қатынай бастайды. Сондай-ақ, алғаш рет Қызылордадан 12 бағыт бойынша пойыздарды іске қосқалы отырмыз. Оның ішінде 10 бағыт бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздары және екі бағытқа жеке тасымалдаушылардың пойызы жүреді», - деді Жәнібек Тайжанов ведомствода өткен брифингіде.

Оның айтуынша, пойыздардың саны өткен жылмен салыстырғанда 16 мыңға артқан. Жазғы маусымда жолаушылардың ыңғайлылығы үшін 270 мың вагон орнымен қамтымақ.

«Ұлттық тасымалдаушы өз пойыздарын ауаны баптау жүйесімен жабдықтайды», - деп сендірді басқарма басшысы.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның биыл іске қосылатын бағыттары:
– № 254/253 «Астана-Достық»;
- №207/208, №221/222, №211/212 «Алматы-2-Достық»;
- №457/458 «Семей-Достық»;
- №459/460 «Өскемен-Достық»;
- №21/22, № 6942/6941 «Алматы-Достық»;
- №21/22, №6942/6941 «Қызылорда-Достық».

Жеке тасымалдаушылардың маршруттары:

- №337/338 «Алматы-2-Достық» - «Vagon Service Alliance» ЖШС;
- №122/121, №6942/6941 «Астана-Достық» - «АрайТранс КЗ» ЖШС.

«Алакөл бағытындағы пойыздар туристер арасында танымал Жалаңашкөл, Ақши және Бескөл станцияларында тоқтайды. Онда жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, перрондар ұлғайтылды, күту залдары мен кассалар жөнделді. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін станцияларда кассирлердің ауысымдық жұмысы ұйымдастырылды», - деді Ж. Тайжанов.

Соңғы жаңалықтар