Астанадан Бейжіңге енді аптасына 6 рет ұшуға болады
АСТАНА.KAZINFORM — Тамыз айының басынан бастап Air China әуе компаниясы Астана халықаралық әуежайынан Бейжіңге орындалатын рейстер санын аптасына алты ретке дейін арттырды. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мәлім етті.
Оның үшеуі Астана – Бейжің бағыты бойынша тікелей, тағы үшеуі Астана – Сиань – Бейжің бағыты бойынша орындалады.
Рейс жиілігінің артуы елорда тұрғындары мен қонақтарына Қытайға сапарын жоспарлауда қосымша мүмкіндік береді. Енді жолаушылар өз жоспарына қарай Астанадан Бейжіңге тікелей ұшуды немесе Сиань арқылы қатынайтын рейсті таңдай алады. Сондай-ақ рейстер санының көбеюі туристік және іскерлік сапарлар үшін қолайлы ұшу күнін таңдауға мүмкіндік береді.
— Air China әуе компаниясының ұшу бағдарламасын кеңейтуі Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы. Астана халықаралық әуежайы үшін қытайлық әуе тасымалдаушылармен ынтымақтастықты кеңейту халықаралық маршруттық желіні дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді, — делінген хабарламада.
Air China әуе компаниясының жаңа кестесі жолаушыларға сапарларын жоспарлауда көбірек мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік, экономикалық және іскерлік байланыстардың одан әрі нығаюына ықпал етеді.
Air China рейстерінің кестесі:
Астана – Сиань – Бейжің: дүйсенбі, сәрсенбі, жұма.
Астана – Бейжің: сейсенбі, бейсенбі, сенбі.
Air China – Қытайдың ұлттық әуе тасымалдаушысы әрі елдегі ең ірі әуе компанияларының бірі. Әуе компаниясының негізгі хабы – Бейжің қаласы. Маршруттық желісі Қытайдың, Азияның, Еуропаның және әлемнің өзге де өңірлерінің ірі қалаларын қамтиды. Air China халықаралық Star Alliance авиациялық альянсының мүшесі. Әуе компаниясы мен оның еншілес тасымалдаушыларының әуе паркі 960-тан астам әуе кемесінен тұрады. 2025 жылы Air China тобы шамамен 160 млн жолаушы тасымалдады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасында жаңа әуе бағыттары ашылуы мүмкін екенін жаздық.