Астанадан бір түнде 70 мың текше метрге жуық қар шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада қардың көп жаууы мен ауа райының күрт суытуына байланысты қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Өткен түнде қала аумағынан арнайы полигондарға 4 502 ауыр жүк көлігінің қатысуымен шамамен 70 мың текше метр қар шығарылды. 14 қаңтар күні таңертеңнен бастап қар тазалау жұмыстарына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 900-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс маусымы басталғаннан бері жалпы көлемі 2,4 миллион текше метрден астам қар 187 120 рейспен тасымалданған.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланып, кейін орташа қозғалысы бар аумақтар – аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар тазалау жұмыстарына беріледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыстар да үздіксіз жүргізіліп келеді.
Аумақтық тазалықты қамтамасыз ету міндеті пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктеріне (МИБ) жүктелген. Олар аулаларды қар мен көктайғақтан уақтылы тазалап, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуі тиіс.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, жолдар мен тротуарларда абай болуға және қолайсыз ауа райы кезінде ұзақ сапарға шықпауға шақырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын алдағы күндері елімізде -40°С-қа дейін аяз болатынын хабарлағанбыз.