Астанадан Бурабайға 2,5 сағатта жеткізетін пойыз іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Тәуелсіздік күні қарсаңында «Астана — Бурабай курорты» жаңа туристік электр пойызы іске қосылды. Бұл бағыттың ерекшелігі — курорттық аймаққа еш аялдамасыз 2 сағат 26 минутта жетуге болады.

№ 7515/7516 «Астана-Бурабай курорты» туристік бағыты тақырыпқа сай безендірілген. Онда 6 вагон бар және 574 жолаушы сыяды.
Билет құны 2500-2700 теңге аралығында.

Пойыз вагондары Қазақстанда жасалған (ЗИКСТО) және «Комфорт Плюс» класты орындықтармен жабдықталған.
— Мемлекет басшысының елдің туристік әлеуетін дамыту тапсырмасын орындау мақсатында Көлік министрлігі инфрақұрылымды жаңғырту және теміржол тасымалдары үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Электр пойызда микроклимат жүйесі, жылдам қуаттайтын USB-розеткалар, Wi-Fi және велосипед бекітуге арналған құралдар бар. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы көтергіштер мен мүгедектер арбаларына арналған орындар қарастырылған, - деді ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің Төрағасы Жәнібек Тайжанов тілшілерге берген сұхбатында.


Сонымен қатар жол бойында Астана мен Бурабайдың табиғаты мен тарихы туралы эксклюзивті аудиогидті тыңдауға болады.



Алғашқы күні-ақ туристік пойыз билеттерін 100-ден астам жолаушы сатып алған. Келушілерге мерекелік фуршет, викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар таратылды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Астанадан Бурабай курортына дейін әртүрлі кестемен 5 пойыз жұмыс қатынайды.