Астанаға Шығыс Қазақстаннан 60 тонна ет пен 30 тонна бал әкелінді

Ауылшаруашылық жәрмеңкесінде шығыстың брендтік тауарлары - бал және панты өнімдерін сатып алуға болады. Мұнда барлығы 120 шатыр тігіліп, оларда ет пен сүт, шұжық, бал, жарма өнімдері, өсімдік майы, ұлттық тағамдар: қымыз, тары, құрт молынан саудаланып жатыр.
«Жылдың аяғында еліміздің тағы бір аймағы Астанаға тарту жасады. Өздеріңіз білесіздер, ел аймақтары күз айларында керуен тартып, елордаға келетіні бар. Бұл жақсы дәстүрге айналған еді. Енді міне, Жаңа жылдың қарсаңында біздің ең ірі аймақтарымыздың бірі - Шығыс Қазақстан өзінің мәдени күндерін өткізіп, ән-шашуын тарту ете отырып, екінші жағынан осындай әдемі жәрмеңке өткізуде. Облыстың барлық 18 ауданы өздерінің өнімдерін астаналықтарға сыйлап жатыр. Орта есеппен алғанда қаладағы базарлармен салыстырғанда өнімдер 20 пайызға төмен. Мұнда ет өнімі, балық, бал және сүт тағамдары әкелінген», - деді Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов жәрмеңкенің ашылуында.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы биыл екінші рет осындай жәрмеңке ұйымдастыруда.
Аталмыш жәрмеңкеге облыстың екі қаласы мен 16 ауданынан Астанаға 30 тоннадан астам бал, 57 тонна ірі қара мен қой еті, 2 тонна құс еті, 3 тонна сүт өнімдері, 12 тонна өсімдік майы, 6,5 тонна шұжық өнімдері, 6 тоннадан астам жарма түрлері, 4 тоннаға жуық балық, 6 тонна қымыз, 1,5 тонна панты өнімдері, 2 тонна нан-тоқаш, кондитерлік тағамдар, ұн жөнелтілген.