Астана–Қарағанды тасжолында адам өліміне әкелген жол апаты ЖИ-камераға түсіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — ЖИ-камералар Астана — Қарағанды — Алматы тасжолындағы адам өліміне әкелген жол апатын тіркеді, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.
Жасанды интеллект элементтері бар камералар республикалық маңызы бар Астана — Қарағанды — Алматы автомобиль жолының 51-шақырымында болған жол-көлік оқиғасын анықтады.
Бейнежазбадан Астана қаласы бағытында қозғалып келе жатқан Mercedes автокөлігінің басып озу маневрін жасау кезінде «Газель» автокөлігімен бір бағытта соқтығысқанын көруге болады.
— Соққы салдарынан «Газель» жүргізушісі көлікті басқара алмай, жолдың жүру бөлігінен шығып кетіп, жол жиегінде аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тапты. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр, — делінген хабарламада.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимі мен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ал басып озу маневрін жасамас бұрын жолдағы жағдайды жан-жақты бағалауға шақырады. Жол үстіндегі бір ғана тәуекелді әрекеттің құны адам өміріне тең болуы мүмкін.
Бұған дейін Ақмола облысында жол апатынан «Газель» жолаушысы қаза тапқанын жазған едік.