Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астаналық дәрігерлер ата-аналарға ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау деректері көбейетіндіктен, елордалық дәрігерлер ата-аналарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Терезе
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың басым бөлігінің алдын алуға болады. Алайда ересектердің бір сәтке ғана назарын басқа жаққа аударуы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

– Мұндай оқиғалардың басым бөлігінің алдын алуға болатын еді. Қайғылы жағдайға ересек адамның телефон қоңырауына алаңдауы, үй шаруасымен айналысуы немесе басқа бөлмеге шығып кетуі сияқты бір минуттың өзі жеткілікті, – делінген үндеуде.

Дәрігерлердің айтуынша, терезеден құлап зардап шегетіндердің басым бөлігі – бір жастан алты жасқа дейінгі балалар. Олар терезе алдына оңай шыға алғанымен, биіктіктің қаншалықты қауіпті екенін толық түсіне бермейді.

Мамандар москит торының баланы қорғайды деген түсініктің қате екенін ерекше атап өтті.

– Москит торы қауіпсіздік құралы емес. Ол баланың салмағына шыдамайды және аз ғана қысымның өзінде баламен бірге құлап кетеді. Өкінішке қарай, көптеген қайғылы жағдайдың себебі де осы, – деді дәрігер.

Дәрігерлердің мәліметінше, аз ғана биіктіктен құлаудың өзі бас-ми жарақатына, омыртқа мен аяқ-қол сүйектерінің сынуына, ішкі ағзалардың зақымдануына әкелуі мүмкін. Көп жағдайда балаларға күрделі операция жасалып, ұзақ уақыт оңалтудан өтуге тура келеді.

Жаз мезгілі басталғаннан бері Астанада медициналық ұйымдар, төтенше жағдайлар қызметі, полиция және білім беру ұйымдары халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Мамандар профилактикалық рейдтер өткізіп, жадынамалар таратып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатыр.

– Ата-аналарды қауіпсіздік мәселесін кейінге қалдырмауға шақырамыз. Бүгін-ақ терезелеріңізде ашылуды шектейтін құрылғылардың бар-жоғын, терезе алдындағы жиһаздың алынып тасталғанын және баланың терезені өздігінен аша алмайтынын тексеріңіз. Осындай қарапайым шаралар баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін, – деп атап өтті дәрігерлер.

Мамандар ата-аналарға терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнатуды, балаларға арналған құлыптарды пайдалануды және кішкентай балаларды ашық терезенің жанында ешқашан қараусыз қалдырмауды ұсынды.

Айта кетейік, Астанада жыл басынан бері 25 бала терезеден құлаған.