Астаналық мектеп оқушылары қарттар мен дәрігерлерге көмектесетін ЖИ-роботтар ойлап тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада өткен халықаралық «Robotek Grand Tournament 2026» чемпионатында Астана қаласының намысын қорғап, жүлделі екінші орын мен ЖОО грантын иеленген №117 мектеп пен №8 мектеп-лицейінің құрама командасы өз жобаларының ерекшелігімен Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында бөлісті.
Жарысқа қатарынан үш жыл қатысып, алғашқы жылы тек қатысушы сертификатымен шектелген команда үшін биылғы маусым нағыз олжалы кезең болды. Команда жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Еркежан Қуандыққызының айтуынша, бұл табыстың артында үлкен тәжірибе мен балалардың шығармашылық ізденісі жатыр.
– Топтық кезеңде екінші орын алып, оқушымыз грант иеленді. Біздің құрастырған қай роботымызды алсақ та, бағдарламалау кезінде де, датчиктермен жұмыс істегенде де толықтай жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Сондай-ақ тікелей эфирге шыға алатын, алдындағы затты танып, хабарлама бере алатын камералары бар, – дейді ол.
Чемпионат барысында ерекше көзге түсіп, университетке оқуға түсу грантын жеңіп алған 11-сынып оқушысы Азамат Адайұлы өзінің жобасын толығымен жалғызбасты және денсаулығы әлсіз қарт адамдарға көмектесуге арнаған.
– Маған грант берілген кезде қуанышымда шек болмады. Мен ұсынған жоба қарт адамдарға көмектесуге негізделген. Робот адамның қасында көмекші рөлін атқарады. Оны керек жеріне апарып, кедергілерден қорғайды, арнайы камера жүйесі арқылы жаяу жүргіншілер жолынан аман-есен өткізеді. Маған жарыста сәбилердің тыныс алуын, температурасын өлшеп, бесікті өзі тербететін қарсыласымның да жобасы қатты ұнады, – дейді Азамат Адайұлы.
Ал 10-сынып оқушысы Нұрай Қадырқұлованың идеясы отандық медицина саласындағы кадр тапшылығы мен кезек мәселесін шешуге арналған екен. Оның ЖИ-ассистенті дәрігерлердің алтын уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Қаламызда ауруханалар аз, көп адамдар дер кезінде көмек ала алмай жатады. Біздің жоба екі роботтан тұрады: біріншісі пациенттің температурасын, ылғалдылығын, көздің жасаурауын тексеріп, диагностика жасайды да, ақпаратты телефондағы қосымшаға жібереді. Дәрігер емделуші кіргенде оның шағымын дайын біліп отырады. Бұл робот тіпті карантин аймақтарға кіріп те жұмыс істей алады. Ал екінші робот дәрі-дәрмек жеткізуші қызметін атқарады, – деді жас өрен.
Сала маманы ретінде ұстаз Еркежан Қуандыққызы бұл бағыттың тек бағдарламалаумен шектелмейтінін айтады.
– Робототехника тек қана IT саласында болады деп ойламаймын. Ол баланы шығармашыл болуға, қай салада болсын жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Себебі жобаны жасау мен құрастыру – тікелей шығармашылық жұмыс, – деп түйіндеді жетекшісі Еркежан Қуандыққызы.
Еске сала кетеійік, «Robotek Grand Tournament» – еліміздегі мектеп оқушылары арасында робототехника мен инженерияны дамытуға бағытталған ең ірі халықаралық додалардың бірі.
Биылғы жарысқа осы жарыстан астаналық оқушыларымыз жүлделі орындарды иеленіп, үздіктердің қатарына енген болатын.