Астаналық оқушы тұшпара жасап, өз кәсібін дамытып жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Бейсен Тәңірберген үйінде тұшпара жасап, табыс тауып отыр, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жас кәсіпкер 6 жасынан бастап қамыр жайып үйренген. Алғашында анасына көмектесуден бастаған Бейсен бүгінде әпкесі Дариғамен бірге тұшпара түйіп, бұл істі шағын кәсіпке айналдырған. Олар күніне 8-12 келіге дейін тұшпара дайындайды.
– Балаларымның күн тәртібі нақты жоспарланған. Олар сабақтан кейін қосымша үйірмелерге қатысады. Одан соң тапсырыс көлеміне қарай күніне 1-2 сағат тұшпара түйеді. Көбіне дүкендерден арнайы тапсырыстар түседі. Мен балаларға өнімді сату және өткізу жағына көмектесемін, – дейді Бейсеннің анасы Рысжан ханым.
Оқушы үшін бұл кәсіп – тек табыс көзі емес, еңбекке, жауапкершілікке және уақытты тиімді жоспарлауға үйрететін тәжірибе. Бейсеннің айтуынша, болашақта кәсібін одан әрі дамытып, жаңа өнім түрлерін шығарғысы келеді.
Бұған дейін Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінде 18 мыңнан астам адам еңбек ететінін жазған едік.