Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астаналық шенеуніктер таксимен қалай қатынап жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жұмысқа қызметтік автокөліктің орнына таксимен барған Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек алғашқы сапары туралы әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астаналық шенеуніктер таксимен қалай қатынап жүр

«Бүгін жұмысқа әдеттегі қызметтік автокөліктің орнына таксимен бардым. Онда аңызға айналған «Я календарь переверну, и снова третье сентября» әні ойнап тұрды және автобусқа арналған жолақта жүрдік», - деп жазды аудан әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Арман Тұрлыбек қызметтік көліктен бас тартудың Әсет Исекешевтің бастамасымен жүзеге асып жатқанын, осылайша уақытты да, мемлекеттік бюджет қаражатын да үнемдеуге болатынын еске салды. Себебі тұтас әкімдік қызметтік көліктен бас тартқан.

«Әкімдік қызметкерлерін тасымалдауға жауапты «Астана такси» компаниясымен 5 жылға келісімшарт бекітілген. Такси құны қаладағы тарифтер бойынша көрсетілген қызметке байланысты ай сайын төленіп отырады. Әкімдік басқармалары мен әкім аппараттарына эконом-класс көліктері қызмет етеді. Әр басқарманың таксиге қатысты қаражаттық шектеуі болады. Аталған жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асады», - деп түсіндірді Арман Тұрлыбек.

Бұған дейін ҚазАқпарат осы жылдың қыркүйек айынан бастап Астана әкімдігінің бірыңғай таксиге мінетінін хабарлаған болатын.