Астаналық университеттің оқытушылары мен қызметкерлері арасында өткен спартакиада шаңғы жарыстарымен аяқталды
АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үстіміздегі жылғы қаңтар айының 4-інде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері арасында басталған «Сергектік және денсаулық» спартакиадасы өткен аптаның соңында астаналық саябақта өткен шаңғы жарыстарымен аяқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шаңғы жарыстарына аталмыш университететтің оқытушылары мен қызметкерлерінің қатысу қарқыны жылда жоғары болады. 100-ден астам спортшы спартакиада шеңберіндегі соңғы сайыста өз командаларының қоржынын қосымша ұпай сандарымен толтыруға тырысты.
Жарыс жас ерекшеліктеріне байланысты ерлер мен әйелдер арасында тиісінше, 1,5 және 0,5 шақырым қашықтыққа өтті. Сайыста университеттің аға буын қызметкерлері әдеттегідей, жоғары белсенділік танытып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда жастарға үлгі көрсетті. Егде спортшылардың алды биыл 70 жасқа толады.
Бүгінгі күні командалардың спартакиада барысында жинаған ұпай сандары есептеліп, жеңімпаздар анықталу үстінде. Айта кетейік, жарыстар спорттың 5 түрі - волейбол, мини-футбол, үстел теннисі, шахмат және президенттік көпсайыстар бойынша өтті.
«Профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлердің арасындағы бұл спартакиадаға қатысушылар қашанда көп. Мысалға, тек волейболға 8-10 адамнан құралған 10 команда қатысады. Бұл әйелдер арасындағы топтарды есепке алмағандағы сан», - дейді С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ Спорт клубының төрағасы Серікжан Сүлейменов.