Астаналықтардың тең жартысы автобуста жол ақысын төлемейді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада қоғамдық көлік жолаушыларының жартысы жол ақысын төлемей жүреді. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «№1 Автобус паркi» АҚ басқарма төрағасы Медет Шақаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Негізгі проблеманың бірі жол ақысын төлемейтін жолашыларға қатысты. CTS компаниясының кейінгі зерттеуіне қарағанда, валидация бойынша өсім ең төмен деңгейде екені анықталды, яғни 51 пайыз шамасында. Ал кейбір бағдарларда 64 пайыз болды. Осы зерттеу жолаушылардың кем дегенде 50 пайызы жол ақысын төлемейтінін көрсетіп отыр. Бұл тұрғыда біз жалақы төлеу, автобустарға қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай сатып алу бойынша шығынға түсеміз», - деді М. Шақаев.

Осы орайда автопарк басшысы қала тұрғындарын жол ақысын төлеуге шақырды.

«Бұл жағдай осы саланы дамытуға кедергі келтіреді. 100 адам тасымалдасақ, соның жартысы жол ақысын төлемейді», - деді кәсіпорын басшысы.

Сонымен қатар ол елордадағы автобустарда жол ақысы тарифін көтеру қарастырылмағанын айтты.

Бұған дейін қалаға 400-ге жуық автобус жетіспейтіні хабарланған еді.

Елордада автобустар қозғалысының уақыт аралығы 10-20 минуттан 8-10 минутқа дейін қысқартылмақ.


Соңғы жаңалықтар