Астананың 50 мектебінде мұғалімдерді даярлайтын педагогикалық сыныптар жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада 50 мектепте мұғалім мамандығына қызығушылық танытатын оқушыларға арналған педагогикалық сыныптар жұмыс істейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жоба 2024 жылдан бастап «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты Ұлттық баяндама аясында жүзеге асырылып келеді.
Бастама Астана халықаралық университеті, Еуразиялық гуманитарлық институты және Астана халықаралық университетінің Жоғары педагогикалық колледжімен бірлесіп іске асырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты — оқушылардың педагог мамандығын саналы таңдауына жағдай жасап, білім беру саласына болашақ білікті кадрларды даярлау.
Биыл жоба аясында 9-11-сыныптардың 400-ден астам оқушысы жоғары оқу орындарының профессорлары өткізген дәрістерге, тренингтерге және шеберлік сабақтарына қатысты. Сонымен қатар, «iTeacher» ІІІ жастар педагогикалық форумы, «Педагогикалық апгрейд — 2026» IV өңірлік форумы және «Кәсіби старт» қалалық слеті ұйымдастырылды.
Жобаға қатысушылар үшін серіктес жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарына түсу кезінде арнайы емтиханнан босату мүмкіндігі қарастырылған.
— Жоба басталғалы бері мектептерде педагогикалық сыныптардан тәжірибеден өткен 150-ден астам түлек педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Ал 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша 200-ден астам түлектің педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарына түседі деп жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.
«Педагогикалық сынып» жобасы педагог мамандығының беделін арттырып, елорданың білім беру жүйесін жас әрі білікті мамандармен толықтыруға бағытталған маңызды бастама болып саналады.
Бұған дейін мектеп бағдарламасына жаңа міндетті пәндер енгізілгенін жазғанбыз.