Астананың сәулеттік келбетін бұзатын 1000-ға жуық жарнама тақтайшасы алынып тасталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының сырт келбетін бірыңғай дизайн-кодқа келтіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл жыл басынан бері тиісті талаптарға сай келмеген 1000-ға жуық жарнама тақтайшасы алынып тасталды. Бұл туралы деп елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Бес аудан әкімдігінің қызметкерлері заңсыз және сәйкес келмейтін жарнаманың дизайн-кодын түсіндіру және алып тастау бойынша көшпелі іс-шаралар өткізіп жатыр. Кәсіпкерлерге тиісті түсіндірулер жүргізіледі, сол сияқты дизайн-кодқа сәйкес келмейтін маңдайшаларды ауыстыру қажеттілігі туралы буклеттер беріледі.
«Елорданың бірыңғай архитектуралық-көркемдік келбетіне „Астана-Жарнама“ КММ жауапты, сондай-ақ мекеме қала аумағында орналасқан сыртқы (көрнекі) жарнамаға мониторинг жүргізеді» — делінген хабарламада.
Жыл басынан бері ғимараттар мен құрылыстардың 161 қасбетіне тексеру жүргізілді, оның нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтін және Астананың бірыңғай сәулеттік келбетін бұзатын сыртқы жарнаманың 1000-ға жуық элементі алынып тасталды.
Мекеме қызметкерлері 1238 кәсіпкерлік субъектісін қабылдап, оларға ғимараттардың қасбеттерін сәулеттік-көркемдік безендіру мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманың талаптарын түсіндірді.
Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері белгілерінің 564 эскизі қаралды.