Астананың мерекелік картасы: жаңа жылдық атмосфера мен аттракциондар
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Астананың жаңа жылға дайындығы жылдағыдан ерекше. Әр аудан тұрғындар мен қала қонақтарына арналған арнайы алаңдар мен демалыс орындарын мерекелік сән-салтанатпен безендірді.
Kazinform ақпарат агенттігі елордалықтар мен мереке қарсаңында қалаға келген қонақтарға қызықты уақыт өткізуге болатын ең көрнекті локациялар тізімін ұсынады.
Қала көшелерінің бойына шамдармен көмкерілген шағын сәулет нысандары орнатылған. Ағаштар да аспашамдармен безендірілген.


Орталық саябақта, Ғашықтар паркінде, Әйтеке би көшесіндегі аллеяда, «Бухарест» паркінде және Үркер тұрғын алабында да жаңа жылдық шыршалардың шамы жағылды.

Ал қаладағы ең басты шырша «Астана Арена» маңында орнатылды. Мұнда 25 метрлік шырша қар ұлпасымен, сәнделген өрнектермен, гирляндалармен және жаңажылдық ойыншықтармен безендірілген. Мұнда келер жылдың символы - жылқы бейнесіне де ерекше мән берілген.

Сонымен қатар, бұл жерде фуд-корттар, жаңа жыл тақырыбындағы фотоаймақтар және «Аяз Ата үйі» бар.


Дәл осы жерде «Жаңа жыл» тақырыбындағы әртүрлі аттракциондарды тамашалап, көңілді уақыт өткізуге болады.

Одан бөлек әр аудан әкімдігі қысқы демалысты ұйымдастыру үшін сырғанақтар жасаған. Ол үшін Сарайшық ауданындағы «Қазақ елі» алаңы, Байқоңыр ауданындағы К.Ататүрік атындағы саябағы, Сарыарқа ауданындағы «Қалалық алаңда», Қабанбай батыр даңғылы мен «Көктал» паркінде, Есіл ауданындағы ЕХРО маңына барсаңыз болады.


Биыл қысқы демалысты жоғарғы деңгейде ұйымдастыру үшін жауаптылар пластмассадан жасалған сырғанақтарды да қолданылып жатыр.


Жоғарыда аталған орындарда ашық аспан астындағы бірнеше мұз айдындары да келушілерге естен кетпес ерекше әсер сыйлауға дайын.

Қаладағы ең әсем локациялардың бірі — Қазақ елі алаңы. Алаңда екі мұз айдыны, екі сырғанақ, 25 метрлік шырша, жарықтандырылған паннолар мен шағын сәулет нысандары орнатылды.

Алты түрлі фотоаймақ, оның ішінде «Пряня», «Пряник үйшік», «Камин», «Сыйлықтар салынған кресло» және «Санта үйшігі» қонақтарды мерекелік көңіл-күйге бөлейді.


Қаладағы барлық аялдамалар да жаңажылдық әшекейлермен көркемделіп, тұрғындарға ерекше әсер сыйлап тұр.

Бұған дейін Елорданың қысқы маусымға қалай дайындалғаны туралы жазған едік.