«Астананың» шабандозы «Вуэльта Испанияда» алғаш рет жүлдеге ілікті

АСТАНА. KAZINFORM – XDS Astana Team командасының шабандозы Алессандро Ромеле «Вуэльта Испания» көпкүндігінің 15-кезеңінде екінші орын алып, испандық Гранд-турдағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Астананың» шабандозы «Вуэльта Испанияда» алғаш рет жүлдеге ілікті
Фото: SprintCycling

110,2 шақырымға жоспарланған кезең Пальма-дель-Риода басталып, Кордовада мәреге жетті. Қатты ыстыққа байланысты жарыс ұйымдастырушылары қашықтықты қысқартты.

Кезеңнің басында 11 шабандоздан тұратын топ алға шықты. Кейін ол ыдырап, шешуші сәтте бес спортшы көш бастады. Оларды қуған 12 шабандоз арадағы алшақтықты қысқарта алмады. Сондықтан жеңімпаз бес көшбасшының арасындағы спринтте анықталды.

Нәтижесінде Алессандро Ромеле бельгиялық Вут ван Арттан (Visma – Lease a Bike) кейін екінші болып келді. Үшінші орынды Lidl – Trek командасының өкілі Тибо Ныс иеленді.

Қазақстандық команда сапындағы италиялық шабандоз үшін бұл «Вуэльта Испаниядағы» алғашқы жүлде болды. «Астананың» тағы бір өкілі Хенок Мулюбырхан кезеңді оныншы болып аяқтады.

15 кезеңнен кейін жалпы есепте испаниялық Энрик Мас (Movistar Team) көш бастап келеді.

Мәре сызығын кескеннен кейін Ромеле жарыстың алғашқы шақырымдарынан-ақ қиын болғанын, ал жоғары қарқынды негізінен Visma – Lease a Bike командасының шабандоздары ұстап тұрғанын айтты.

– Жарыс басынан-ақ ауыр болды. Visma шабандоздары жарысты бақылауда ұстауға тырысып, өте жоғары қарқын көрсетті. Соның нәтижесінде жеңіс үшін күрес үзінді топтан шыққан шабандоздар арасында өрбіді. Басқа спортшылар бірінен соң бірі шабуылдай бастады. Менің аралық спринттегі шабуылым жарыстың барысын біршама өзгертті деп ойлаймын. Осыдан кейін Вут алға ұмтылды, мен оның қыр соңынан қалмай, алдымызда келе жатқан екі шабандозды қуып жеттік. Осылайша, бес адамнан тұратын топ құрылды, – деді ол.

Шабандоздың айтуынша, қашықтықтың соңғы бөлігінде күрес тактикалық сипат алған.

– Өзімді жақсы сезіндім, ал техникалық көліктегі Александр Шефер сабыр сақтауыма көп көмектесіп, Вуттың дөңгелегінен қалмауға кеңес берді. Мен солай жасауға тырыстым, сонымен қатар оны көбірек жұмыс істеуге мәжбүрлегім келді. Алайда бұл жеткіліксіз болды. Көрсеткен нәтижелеріміздің деңгейі өте жоғары болды, сондықтан бүгін мықтысы жеңді деп ойлаймын, – деп қосты Ромеле.

Бұған дейін XDS Astana Team командасының шабандозы Кристиан Скарони Италияда өткен біркүндік «Гран-при Индустрия и Артиджанато» жарысында екінші орын алған еді.

Еске сала кетспек, Қазақстан тректегі велоспорттан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында үздік ондыққа енді.

Ал биылғы Азия ойындарында тасжолдағы велоспорттан еліміздің намысын үш спортшы қорғайды.