Астананың 15 жылдығын мерекелеу күндері елордалықтар қайтадан көшпелі мәдениетпен қауышады

«Бұл - әлемдегі көшпелі өркениетке арналған жалғыз фестиваль. «Астананың төңірегіндегі мыңжылдық» фестивалі - көшпелі қазақ халқының тарихи рухынан сыр шертеді. Жыл сайын аталған фестиваль елорда тұрғындары мен қонақтары тарапынан орасан зор мәнге ие болып келеді.
«Биылғы жылы да астаналықтарға қазақтың байырғы көшпелі мәдениетімен қайтадан қауышуға мүмкіндік туды. Сол жағалауда үлкен этно-ауыл тұрғызылады. Онда киіз үйлер мен шығыс базары, зергерлердің әшекей бұйымдары, сахна алаңдары орнатылып, атты-әскери шоуы өтеді»,-делінген astana.kz сайтында.
Бұл жерде дәмі тіл үйіретін бауырсақтан ауыз тиіп, қымыз, шұбат сынды қазақтың ұлттық сусындарынан дәм татуға болады.
Түркі халықтарының баға жетпес асыл қазынасы астаналықтар мен қала қонақтарына, сондай-ақ, Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына керемет тарту болмақ.