Астананың азық-түлік белдеуін іске асыруға 8 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Астананың азық-түлік белдеуін іске асыру бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы жалпы сомасы 8 миллиард теңге мөлшеріндегі 12 жоба қарастырылған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тішісі облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының деректеріне сілтеме жасап.
Жыл ішінде өңірде Астрахан, Бұланды, Егіндікөл, Ерейментау аудандарының әрқайсысында бір-бірден бордақылау алаңдары салынып, іске қосылатын болады. Күзгі-жиын терін кезеңінде дайындалған көкөніс пен картопты сақтау мақсатында Целиноград ауданында үш қойма, ал өнім молшылығын жыл бойы қамту үшін Астана мен Степногор қалаларында екі жылыжай салынбақ. Бурабай мен Целиноград аудандарында құс фабрикаларын қайта жарақтау құс еті мен жұмыртқаға деген сұранымды қанағаттандыруға мүмкіндік бермек. Оның сыртында Астрахан ауданында сүт, Қорғалжында ет өңдеу кәсіпорындары пайдалануға беріліп, Сандықтау ауданында сұйық май шығару шешімін табады. Аймақтың басқа өңірлері ортақ іске өзіндік үлес қосуы қарастырылған.