Астананың бірқатар көшелерінде көлік қозғалысы шектеледі - Жол полициясы
АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат - Шілденің 23-і және 26-сы күндері аралығында Астана қаласының бірқатар көшелерінде көлік қозғалысы толық немесе жартылай шектеледі. Бұл туралы Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Ертең, шілденің 23-і күні сағат 22.00-де инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарының басталуына байланысты Абылайхан және Мұңайтпасов көшелерінің қиылысындағы көлік қозғалысы толығымен шектелетін болады», дейді баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәлім етуінше, сондай-ақ Спецмонтажная - Литейная көшелерінің қиылысы жартылай жабылады. Себебі мұнда шілденің 24-і мен 26-сы аралығында құдықтарды орнату бойынша жұмыстар жүреді.
Осыған орай, Астана қаласының Жол полициясы басқармасы көлік жүргізушілеріне алдын ала басқа да тиімді жол бағыттарын таңдауға кеңес береді.