Астананың қаржы полициясы 100 млн. теңге жалған ақшамен байланысты ірі алаяқтық қылмысын ашты
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша қаржы полициясы департаменті аса ірі көлемде жалған ақша жасаған қылмыстық топты әшкереледі.
Аталған департаменттің баспасөз хатшысы Гүлжанат Құштарованың айтуынша, аталған қылмыстық топ номиналы 10 000 теңгелік ақшаларды жасаумен айналысқан. Олар осы жалған ақшаны еліміздің бірқатар өңірлерінде таратып та үлгерген көрінеді. «Мәселен, тек астаналық департамент жыл басынан номиналы 10 000 теңгелік жалған ақшаларды анықтау фактілері бойынша 314 қылмыстық іс қозғады»,-деді ол.
Бұл қылмыстық топ өткен жылдың тамызынан бастап осы қылмыспен айналысқан екен. Олардың мүшелері Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысының 7 тұрғынынан құрылғандығы белгілі болды. Сонымен қатар қазіргі кезде аталған қылмысқа басқа да азаматтардың қатыстылығы тексерілуде. «Департамент қызметкерлері елдің бірнеше аймақтарында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. 20 млн. теңгеден асатын жалған ақша және оны дайындауға арналған жабдықтар тәркіленді. Атап айтқанда, Тараз қаласында жалған ақшаны дайындауға арналған заманауи компьютерлік жабдықтар жойылды»,-деді баспасөз хатшысы.
Тергеу барысында белгілі болғандай, аталған жалған ақша еліміздің Батыс, Оңтүстік және Солтүстік өңірлерінде тараған.
Күдіктілер бұл қаржыны сыбайластары арқылы шағын топтамалармен өткізіп отырған. Өз алдына сыбайластар оны ірі қалаларға немесе алыс елді мекендерге тасымалдаған. Жалған 10 мыңдықтың бір данасы 3 мың теңгеге сатылған көрінеді немесе сауда орындарында сатушылардың аңғалдығын пайдаланып, жалған ақшамен олардан ұсақ тауарлар алып, пайдаға кенелген.
Департамент қызметкерлерінің мәліметінше, аталған қылмыстық топ ел өңірлерінде 100 млн. теңге көлемінде қаржыны таратып үлгеруі мүмкін.