Астананың өркендеуі Қазақстанның одан әрі орнықты даму қарқынын көрсетеді - Мәжіліс депутаты Т. Яковлева

None
None
АСТАНА 6 шілде. ҚазАқпарат - Астананы Алатаудың баурайынан Арқаға көшіру туралы идея алғаш рет 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы Кеңестің таңертеңгілік пленарлық отырысында жарияланған боалытн. Тәуелсіздіктің үшінші жылына қадам басқанда көтерілген осынау шешім көрегенділік қана емес, ұлы ерлікпен пара-пар іс болатын.

Өйткені, экономика әлі де шатқаяқтап тұрған шақта ел ордасын екінші қалаға көшіру идеясына көпшілік соншалықты сеніңкіремегені рас. Алайда Елбасы Н. Назарбаевтың ерлігі арқасында Астана қалың қазаққа зор мақтаныш сезімін тудыратын Бас қалаға айналды. Сондықтан да, жыл сайын барша қа­зақ­­­­­­­­­­с­тандықтар шілденің 6-сы күні аса ыстық мерекені атап өтуді дәстүрге айналдырды, осы күн -  мемлекеттік мерекелер қатарында бекіді. ХХІ ғасыр ғажабы атанған  Астананың тойы қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Парламент Мәжілісінің депутаты, Астана әкімшілігінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Татьяна Ивановна Яковлевамен сұхбаттасқан еді.

- Татьяна Ивановна, Астананың елорда мәртебесін алған алғашқы жылдарын еске алсаңыз? Бас қала қалай қалыптасты?

 - Ең алдымен Қазақстанның жаңа Астанасын мен тиімді жүзеге асқан еліміздің ауқымды ұлттық жобасы ретінде қарастырамын. Қысқа мерзім ішінде алып мегаполике айналған Астана, халықаралық ынтымақтастық пен өңіраралық өзара әрекеттестіктің маңызды орталығы ретінде танылып отыр. Аз жылдар ішінде адам айтса нанғысыз алып құрылыстар жүзеге асты, сырткөз қызығатындай әлеуметтік-экономикалық дамудың тамаша жетістіктерін бағындырды.  Бір кездегі тың игерушілердің ескі қаласы жаңғырып қана қоймай, Есілдің сол жағалауында жаңа әкімшілік орталық бой көтерді.

Алғаш қалыптасқан тұста 1998 жылдың 6 мамырында елордада 2 әкімшілік аудан «Алматы» және «Сарыарқа» аудандары ғана болатын, кейіннен 2008 жылдың шілдесінде «Есіл» ауданы құрылды. Осы кезең ішінде елордалықтар саны 3,5 есеге артып, қазір шамамен 750 мыңнан асты.

Сонау 2001 жылдардың өзінде Астана қаласының 2030 жылға дейінгі дамуының бас жоспары қабылданған еді. Міне, содан бері Астананы әлеуметтік-экономикалық дамытудың мемлекеттік бағдарламалары 2005 жылға дейін және 2010 жылға дейінгі аралықта кезең-кезеңмен жүзеге асты.  2001 жылдан бері елордада «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп келеді. Инвесторлар үшін арнайы жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылғандықтан арнайы аймақтың қаланы дамытудағы алар орны ерекше. Кейіннен, 2006 жылдан бері АЭА құрамына индустриялық парк те кірді. Мұнда бүгінгі күні Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 50-ден астам жобасы жүзеге асыруда.

Айта кетерлігі, жаңа астананың қалыптасу кезеңі шынында да оңай болған жоқ. Дегенмен, сол уақыттың өзіндік ерекшеліктері, үлкен оқиғаларға арқау болған естен кетпес шақтары болды. Дәл сол кезеңде біз инвестиция тарту үшін жағымды жағдайлар қалыптастыруды есепке ала отырып, қала салу кешеніндегі әлеуметтік-мәдени жоспардың жаңа қағидатты қадамдарын сынақтан өткіздік. Сонымен бірге, осы тұста елорданың орнықты дамуының базалық басымдықтары қалыптасты. Қарқынды экономикалық даму және қала халқының шапшаң өсу жағдайын есепке алсақ, қажетті пропорцияларды сақтай отырып, білім беру, денсаулық сақтау салаларын қоса дамытумен қатар, жұртшылықтың жайлы қоныстануы үшін энергетика, көлік пен коммуникация салаларын қамтитын  инфрақұрылымды бірге қолдау керек болды. Сондай-ақ, аталған проблемаларды шешу барысында қаланың экологиялық талаптарын барынша сақтап, абаттандыру, көгалдандыру, қоршаған ортаға техногендік ауыртпашылықты азайту мәселесін де қаперден шығармау маңызды еді. Ал осының бәрін жан-жақты қамту үшін, ең алдымен, ұзақмерзімді стратегия әзірленіп, онда халық санының өсу перспективалары, экономикалық және транспорттық әлеуетті оңтайлы пайдалану, қала құрылысы мен аумақтық жоспарлау, заманауи әлеуметтік ортаны қалыптастыру, инфрақұрылым, экологиялық қауіпсіздік секілді шаралардың баршасы қамтылуы талап етілді.

Сондықтан да тынымсыз жұмыстардың нәтижесінде 2006 жылдың наурызында Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен Астананы 2030 жылға дейін орнықты дамытудың стратегиялық жоспары бекітілді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен дайындалған аталған құжат жаңа қаланың қалыптасуына тың серпін беріп қана қоймай, Астананы егемен елдің Елордасы символына айналдыруға септігін тигізді.

- Сіздің ойыңызша, Астананың орнықты даму стратегиясының басты басымдықтары қайсы?

- Аса маңызды басымдықтардың бірі - сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейтіп, елордада жағымды инвестициялық климат қалыптастыру болып табылады деп ойлаймын. Ал бұған қатысты көптеген мысалдарды алға тартуға болады. Мәселен, алысқа бармай-ақ күні кеше ғана өткен ІІІ Халықаарлық инвестициялық форум «Astana Invest -2012» шарасының өзі де бұған нақты мысал бола алады. Осы форум аясында елорда әкімдігі шетелдік алпауыт компаниялармен бас қалада жаңа кәсіпорындар салу мен ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастыққа арналған 20-дан астам меморандум жасасты.

Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда Астананың халықаралық «ЭКСПО - 2017» көрмесін өткізу туралы өтініші жоғары деңгейлерде қаралып жатыр. «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты қамтитын осынау шара туралы Астана мен Париж қалаларында екі тұсаукесер өтті.  Ал Астананың осы бағыттағы басымдығы ретінде  сарапшылар елордада көптеген халықаралық форумдар мен конференциялар сәтті өткізіліп, халықаралық аренада сынаудан өткендігін атайды.

Жалпы алғанда, Астананың экономикалық әлеуеті зор. Мәселен, соңғы 14 жылда  жалпы өңірлік өнім 60 есеге өсті және 2011 жылы бұл - 2 триллион  298,3  миллиард теңгені құрады. Оның ішінде де жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімнің былтырғы жылғы көрсеткіші 4 мың долларға артып, 21,8 мың долларды құрап отыр. Бұл жалпы республика бойынша орташа көрсеткіштен анағұрлым жоғары.

- Рас айтасыз. Ал осындай өсімге ненің есебінен қол жеткізілді?

- Әрине, мен айтар едім, ең бірінші кезекте тартылған инвестицияның арқасы деп. Мынадай мәліметке қараңыз, 2011 жылы негізгі капиталға инвестиция 570 миллиард теңгені құрады немесе бұл 2010 жылғы деңгейдің 135,7 пайызына тең. Ал егер 1997 жылмен салыстырсақ, онда инвестициялық әлеуеттің 30 есеге артқанын көреміз.  «Мооdys» агенттігі 2012 жылы Астанаға «Ваа3» рейтингісін беріп, «орнықты» болжамы жасалды. Ал халықаралық агенттіктің бұл рейтингісі операциялық баланстар көрсеткіштерінің жақсарғанын және қаржылық тапшылықтың төмен деңгейде тұрақтағанын, борыштық жүктемелердің аздығын сипаттайды. Бұл қала экономикасының нақты секторындағы икемділік мүмкіндіктері мен өсім қарқынын білдіреді.

Айта кетерлігі, көліктік әлеуеттің, оның орналасу тиімділігі ескеріле отырып, шетелдік және отандық капиталдың тартылуы арқасында Астанада заманауи индустриялық аймақ құрылатын болады. Оның аясында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енетін 80 жаңа кәсіпорынды құру қарастырылған.

- Астананың инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар қалай жүзеге асуда?

- Жалпылама алғанда, Стратегиялық жоспар аясында заманауи өндірістік, транспорттық және әлеуметтік-қызмет көрсету инфрақұрылымдарын құру жөніндегі іс-шаралардың барлығы табысты қамтамасыз етілген деп айтуға болады. Мәселен, сыртқы көздерден электр энергиясының үздіксіз берілу транзитін қамтамасыз ету мақсатында үш тірек подстансалары бар «ВЛ 220 кВ» энергетикалық шеңбер құрылысының жобасы жүзеге асуда. Бұл Астанадағы электр бөлу желілерінің өткізу мүмкіндігін 1200 кВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Талдыкөлде сарқынды сулардың жиналуын жою бойынша жұмыстар жалғасып, елорданы сенімді көздерден таза, сапалы ауызсумен толығымен әрі үздіксіз қамтамасыз ету жақын перспективада шешімін табатын болады. Бұдан бөлек, жапондық жоба аясында су және кәріз желілерінің 126 шақырылымы қайта салынды немесе жаңғыртылды, су қоймасына да жаңалау жұмыстары жүзеге асты.

Инфрақұрылымдық дамыту аясында шетелдік компаниялар инвестициялық қолдауға ие болып, жылдам жүретін қалалық көлікке балама ретіндегі жеңіл рельсті трамвай жобасы қолдау тапты. Осылайша,  Астана қаласын дамытудың стратегиялық басымдықтарын жүзеге асырудың негізгі нәтижесі экономикалық және инвестициялық, қаржылық һәм  еңбек русарстарын әлеуетті пайдалану бойынша дұрыс және негізгі іс-қимыл алгоритмі қалыптасқанын көрсетті.  Бұл жаңа Астананың бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу үшін үлкен сеп болмақ.

Сөз соңында «ҚазАқпарат» арқылы бүкіл қазақстандықтарды, оның ішінде жерлестерім астаналықтар мен қала қонақтарын Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтағым келеді. Астананың 14 жылдығы жас елорданың қалыптасу барысына қатысты белгілі бір қорытындыларды шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Сол тұрғыдан айтсақ, Астана бүкіл еліміздің, тұтастай республиканың одан әрі орнықты даму қарқыны мен перспективаларының жарқын көрінісі болып отыр. Лайым халқымыз Астанасымен бірге көркейіп, биіктерге жете берсе екен деп тілеймін!

-  Әңгімеңіз бен жылы лебізіңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар
telegram