Астананың сәні - алуан түрлі гүлден пішілген гүлзарлар
Астана. Сәуiрдiң 21-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Жаз шыға елорда аумағындағы «Бәйтерек», Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайы секiлдi еңселi ғимараттардың маңайында және көшелер мен алаңдарда сан-алуан гүлден «пiшiлген» гүлзарлар қаланың төрiне жайған қалы кiлемдей құлпырады.
Арқаның желi тербеген сайын жанарыңды арбап, бiрде ашық, бiрде қанық түске малына, құбыла ырғалады. Ал биыл Астана бұрынғыға қарағанда, нағыз гүлдi қалаға айналмақ. «Астана-Көгалдандыру» мекемесi көшелердi қызыл-жасыл гүлмен, жасыл желекпен көмкеруге кiрiсiп кетті. Астанада гүл өсiру технологиясы қалыптасты - Бiз неге Астананы гүлмен ерекше безендiруге көңiл бөлдiк? Әдетте, әр елдiң астанасының өз ерекшелiгi бар. Мәселен, Еуропа мемлекеттерi елордаларының сәнi көне ғимараттар, ғасырлар бойы жасап келе жатқан мәдени ескерткiштер мен тарихи нысандар болса, орнағанына он жыл ендi толған қазақ астанасы немен баурамақ? Субтропикалық аймақтардай жапырағы желпiп тұрған тал-дарағымыз және аз. Сондықтан, елорданың сан-алуан гүлдерден өрiлген қазақы ою-өрнектi және картина сипатты гүлзарлар көрген кiсiнiң есiнен кетпестей қайран қалдырса деген оймен қаланы гүлге бөлеп қоюды мақсат еттiк, - дейдi «Астана-Көгалдандыру» АҚ-ының бас директоры Ерлан Нысанбаев.
Биыл қалада 115 мың 310 шаршы метр аумаққа гүл отырғызылады. Елорданың он жылдығы қарсаңына орай, гүлзарлар қазақы ою-өрнекпен пiшiмделдi. Бұл да өнер. Демек, өнер болған соң гүлтөсемдердегi алуан пiшiмдер өзгерiп, жетiлдiрiлiп отырады. Сондықтан, биыл қиялға ерiк берiп, абстарктылы гүлтөсем жасауға бекiнiп отыр. Бiрақ, әрине, қазақы оюдың нышанын әсте естен шығармақ емес. Ал елорданың көгал, гүл алаңдарының басқа қалаларға қарағанда артықшылығы бар. Ол - мүсiнi жасыл майсамен көмкерiлген пiл, керiк, тасбақа секiлдi жан-жануарлар бейнесi. Олардың қатары биыл тағы арта түспек. Жылыжайда оған арнайы шөп өсiрiлiп жатыр. Сондай-ақ жасыл шөптiң ашық, қою түсiне қарай, белгiлi бiр сурет-картинаны жасап шығады. Мәселен, аттың шылбырынан ұстап, сүйгенiн алыс жолға шығарып салып тұрған бойжеткеннiң сұлбасын көк шөппен айшықтауға болады.
Астананың он жылдығы қарсаңында «Президенттiк бақ», «Арай», «Жерұйық» секiлдi үш саябақ қолданысқа берiлiп, 4 миллион дана гүл отырғызылған едi. Тәжiрибе ретiнде раушан гүлiмен қатар, сондай нәзiк өсiмдiктердiң жаңа 59 түрi өсiрiлген, аумағы 28 гектар болатын «Арай» этнографиялық саябағы мен «Жерұйық» саябағының аумағы 23,9 гектар келетін екiншi кезегi iске биыл қосылады. Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайы маңында орналасқан, 81 гектар аумақты алып жатқан Президент саябағы ? аумағы атшаптырым саябақ - кешендi композиция. Мұнда 30 мыңға тарта ағаш, 12 мыңнан астам әртүрлi бұта тектес өсiмдiктер егiлген. Ал биыл жазда қарағай, қайың, тал, мырзатерек, итмұрын, долана, ақтерек, көктерек, қараған, жөке, қандағаш, қаражидек, бөртегүл, шегiршiн секiлдi 50-ге жуық әртүрлi ағаштар гүлдеп, жапырақ жаймақ. Олардың сыртында 18 бұрқақ, 8 жасанды көлшiк, мыңдаған ағаш пен гүлзар бар. Саябақтың салынып жатқан екiншi кезеңiнiң өзi 57 гектарды алып жатыр. Оның аясына да 148 мың шаршы метр гүлзар орнатылып, 5 мың шаршы метрге гүл алаңы мен 7 мың ағашы тағы бар. Елорданың бұрынғы орталық саябағына да 900 түпке жуық ағаш егiлдi.Ақорданың алдындағы бас алаңнан бастап, «ҚазМұнайГаздың» ғимаратына дейiн созылатын Нұржолдың бойында 700 мың көшет отырғызылған. Орталық стадионның алдында олимпиадалық ойын добына ұқсатып отырғызған гүлдердi атап көрсетуге болады. Салтанат сарайының алдындағы гүлзар, Сарыарқа көшесiнiң бойындағы Абай көшесiмен қиылысқан жерiнен Кенесары даңғылына дейiн созылған бозқараған желекжолы (бульвары), «Титаниктiң» алдындағы гүлзар, «Тың игерушiлер» мен «Жастар» шағын аудандарындағы гүлзарлар гүл жайнап тұрмақ. «Ғашықтар», «Қазақстан» спорт кешенiнiң маңында «Студенттер» саябағы iске қосылған. «Ғашықтар» саябағында 2 мыңнан астам, «Студенттер» саябағында және «Бәйтерек» саябағы мен «Ислам орталығы» алаңына жаңадан 4 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Ақорда бағы мен стадион маңындағы скверге Алатаудың бозқарағаны секiлдi аңқыған жұпар истi 124 түп липа тiгiлген.
Ал биыл «Астана-Көгалдандыру» қалаға 6 миллион дана гүл дайындап жатыр. Жылыжайда 1 миллион 300 мың гүл көшетi өсiп келедi. Өзгесiн қала маңындағы Рождественка ауылынан және Көкшетаудағы бiр фермерден сатып алады. Өйткенi жылыжай тар. Көшеттi өздерi өсiрiп-өндiретiн болса, анағұрлым пайдалы болар едi. Бiрiншi қаржыға сеп, екiншiден, әр балаң әр туысыңда өсiп жатқаны сияқты, бабы келісіп жатыр ма, жоқ па деп көңiлiң алаң болып жүредi. Тамырынан бастап қауашақ ашқанға дейiн өзi қолыңнан өткенi қандай жақсы! Бұл мәселе қала әкiмiнiң алдына қойылды. Басшы қалаға жететiн гүл көшетiн бiр жерден өндiру үшiн жылыжайдың қажеттi аумағын анықтап берудi тапсырды. Мамандар осы iс-шараны егжей-тегжейлi тиянақтау үстiнде. Үш мың шаршы метр аумақты алып жатқан жылыжайда гүл көшетiн өсiру қаңтардың 10-ынан басталады. Астананың ауа райына лайықты гүл көшетiнiң жетiлуiне 2-3 ай кетедi. Гүлдiң өзi нәзiк болғанымен, бейнетi батпандай. Жылыжайдың төбесiн қалың жылтыр кленкамен бүркейдi. Жұмысшылар тәулiк бойы ауысыммен жұмыс iстейдi. Әсiресе, түнде және боранды күнi қиын. Қай уақытта қай жерiн жұлып кетедi екен деп арбасып отырғаны. Бастырған ағашы ұшып кетсе, жарты сағаттың iшiнде миллиондаған гүлдер үсiп кетедi. Бiттi. Қаржы да, қажыр да желге ұшады. Және жылу тиiстi мөлшерден сәл түссе, болды, топырақ бүлiнедi. Онда бәрi бiттi дей бер. Сондай-ақ жылыжайдың «жауы» - күйе. Мамандар оны да қадағалап отыр.
Әуелi гүлзар аумағының топырағын аударып, қи себедi. Сондықтан, күн қыза, астаналық көгалдандырушы мамандар ауыл-ауылдарда қой қораны аралап, «қи сапырып» кетеді. Онда да қидың сапалы, күнге күйгенi керек. Егер қи «пiспеген» болса, мал тезегiмен бiрге түскен оның жеген шөбiнiң тұқымы себiлген қимен бiрге топыраққа түседi. Шөп тұқымының өмiршеңдiгi сондай, алты ай баптаған гүлiң бойын көтергенше, арам шөп «дүр» етiп көтерiлiп, қаулап кетеді. Ал ол алуан айшықты гүл төсемiнiң әрiн кетiредi, түсiн бұзады. Соның кесiрiнен жетiлмей қалуы мүмкiн. Ондайда еңбегің ? еш, тұзың - сор. Астана гүлдерiнiң тұқымы - Мәскеуден. Мамандардың сөзiне қарағанда, өзiмiзден алу қиын көрiнедi. Жыл сайын Ресейдiң қолына қарап отырғаны...
Астана гүлзарларында 35 сұрыпты гүлдің 50 түсi өсiріледi. Сондықтан ба, Астана гүлзарлары ерекше. Бүгiнде жан-жақтан келгендер гүл өсiрудiң технологиясын сұрап, қатты қызығады. Демек, бiзде гүл өсiру технологиясы қалыптасып қалды дегендi бүкпесiз айтуға болады. Айтпақшы, былтыр Астанаға келген Мәскеу мэрi Лужков Мәскеуіне барған соң қоластындағы көгалдандыруға қатысты сегiз бiрдей мекеменiң басшысын жинап алып, «сыбағасын берiптi». Астаналық мамандар қаланы гүлмен безендiруде әлдеқайда алға кеткен екен, солардан үйренiңдер деп, бiраз «қуырыпты».
Әрине, кез келген iстiң демеушiсi мен қолдаушысы келiссе, гүлдей жайнап кетпек. Е. Нұғымановтың айтуынша, гүл өсiруге қажеттi шараларды атқаруға жалпы сомасы 3 миллиард теңгеге жуық қаражат керек.
Бүгiнде қаладағы жасыл алапқа бөлiнген көгалды аймақтың аумағы 1 миллион 160 мың шаршы метрден асады. 57 мың шаршы метр гүлзар және 100 мыңға жуық ағаш бар. Жыл сайын жаңадан 10 сквер пайдалануға берiледi. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» Топырағының құнары кемдеу, ауасы желтеңдеу келетiн Астананы бiр деммен гүл-көгерiшпен көмкерiп, тал-дарақты аз уақытта жайқалтам деп асығуға болмайды. Мәселен, Жетiсу аймағына отырғызылған көшет 30-40 жылда бiр адамның құшағы жетпейтiн зәулiм ағашқа айналса, Ақмола аумағына еккен емен, қарағайдың дiңiнiң диаметрi осы мерзiмде 20-25 сантиметрден аспайды. Себебi жер - сортаң, тамырын еркiн жая алмайды. Бұл - бiр, екiншiден, Ақмола аумағында ағаштың көп өспейтiнi - Арқаның аязы қыста 35-40 градусқа дейiн төмендеп, жазғы аптапта 30-35 градусқа дейiн көтерiледi. Демек, температураның аралық өлшемi 75-80 градусқа тең. Кез-келген тал-дарақ ыстық пен суықтың мұндай алшақтығына шыдамайды. Бұл құбылыс планетамыздың өзге аймағында кездеспейтін көрінедi. «Астана-Көгалдандыру» мекемесiнiң ғылыми-зерттеу жұмысы жөнiндегi орынбасары, ғылым кандидаты Ерiк Тоқмұрзин бастаған мамандар орман шаруашылығына қатысты ғылыми-тәжiрибелiк шаралар жүргiзiп келедi. Ғалымдар қарағай, қайың, көктерек, қандағаш, шегiршiн ағаштарының Арқаға бейiмделген түрiн анықтап бердi. Қала iшiндегi соңғы төрт жылда отырғызылған әртүрлi 350 мың түп тал мен бұта тектес ағаштарды жерсiндiрген - осы мамандар. Көшеттердi өздерi өсiрiп, баптайды. Бүгiнде питомникте 500 мыңдай көшет көктеп тұр. Бұта тектес өсiмдiктердi қосқанда жыл сайын 100 мыңға жуық ағаш егедi. Тамыры бекiп кетсе - жақсы, әйтпесе, жылыжайдан шыққан балапан бұталардың бәрi бiрдей ашық ауаға шыдас бере бермейдi. Екi жыл бұрын бұлардан «Жасыл белдеу» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорыны бөлiнiп шықты. «Астана орманы» да - осы мекеменiң «түлегi». Бүгiнде отыз мыңдай гектар аумақты алып жатқан «Жасыл белдеуде» он миллиондай түп ағаш өсiп тұр. «Жасыл ел» бағдарламасын ә деп қолға алғанда қала маңындағы 114 мың гектар жердi зерттеген мамандар 62 мыңы ағаш егуге жарамды екенiн анықтап бердi. Содан берi жыл сайын «Жасыл аймақтың» бес мың гектары игерiлiп, көшеттер отырғызады. Шамамен алғанда, гектарына мың көшет тiгiледi. Олардың 65-70 пайызы жерсiнiп, көктейдi. «Жасыл белдеу» кәсiпорны оны үш жыл күтiп-баптап, тамыры бекiген соң Астана әкiмшiлiгiнiң қарамағына өткiзедi.
Астананы айналдыра орман-тоғаймен қоршау бағдарламасы қабылданғалы бұл өңiрдегi 40 мың гектар жерге тiгiлген 70 миллионнан астам көшет желкiлдеп өсiп жетiлiп келедi. Бәрi бiр жолақтың бойында әскердегi сарбаздай тiзiлiп тұр. Астананы жасыл желекпен көмкеру 2020 жылға дейiн жалғасады. Сол уақытқа дейiн қаланың құзырына берiлген тоғайлардан тыс, Астананы айналдыра 75-80 мың гектар жерге ағаш отырғызылады.
Әлемдi жайлаған қаржы дағдарысына қарсы әр аймақ өздерiнше амал жасап жатыр. «Астана-Көгаландыру» кәсiпорнындағы бiр мыңға тарта еңбеккерлердiң өздерi де, жалақысы қысқарған жоқ.
- Адамдарды қысқартсақ, елорданы да гүлiмiзбен баураймыз деген мақсатымыз қайда қалады? - дейдi Ерлан Нысанбаев, - Ең бастысы - адамның жан-дүниесiндегi гүл сезiмдi қауызында тұншықтырып алмаймыз ба? Өмiр болған соң, кез келген қоғамда, кез келген дәуiрде дағдарыстың түрi-түрi өткен. Қайта мына дағдарыс кезiнде астаналықтар мен елорда қонақтарының көңiл-күйiн көтерiп, көзқуанышына айналдырмайыз ба? Демек, өтпелi де кетпелi дағдарысқа бола, бiр тал гүлдi азайтпаймыз!»