11:23, 24 Шілде 2023 | GMT +5
Астананың шекарасы өзгермейді – Бас жоспар
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аян Смағұлов ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында елорданың шекарасы қазіргі қалпынан өзгермейтінін, келешекте осы шекара аясында дамытылатынын мәлім етті.

«Қала шекарасының өзгеруіне және жаңа тұрғын аудандардың перспективалы құрылысына қатысты әзірленіп жатқан Бас жоспарда Астана қаласының шекарасын өзгерту көзделмеген», - деп жазады Аян Смағұлов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жаңа құрылыс аумақтарын кешенді салу жұмыстары, қаланың кейбір бөлігін қайта жаңарту жүргізіліп жатыр.
«Мыңжылдық» аллеясы және «Метро» сауда орталығы ауданындағы Қарағанды трассасының оңтүстігіндегі аумақ, Мәңгілік ел даңғылындағы құрылыс, Тұран даңғылының батысындағы құрылыстар, Тельман тұрғын алабының оңтүстігіндегі аумақты дамыту жобасы, Асан Қайғы көшесінің бойындағы аумақты қайта жаңарту және жаңарту жұмыстары осы мақсатқа бағытталған», - делінген жауапта.