Астананың жобаларына құйылып жатқан қаражаттың үштен екісі жеке бизнестің еншісінде

Әлем өзгеруде, геосаяси жағдай да өзгеріске ұшырауда. Бірақ осындай дүрбелеңге қарамастан Қазақстан міне жиырма жылдан астам уақыт бойы тұрақтылықтың тұрағы болып қалуда. Біздің еліміз айдай әлемге танылып, мемлекетіміздің аумағында өз бизнесін жүргізуге ниет білдірген шетелдік компаниялардың саны күннен күнге артуда.
Инвестициялық тартымдылықты саяси және әлеуметтік тұрақтылық, биліктің баяндылығы мен халықтың қолдауы, сондай-ақ шетелдік капиталға арналған жеңілдіктер мен артықшылықтар жүйесі, сырттан келген инвестицияны қолдау мен қорғау жүйесі қамтамасыз етуде.
Дүниежүзілік банк дайындаған бизнес жүргізу рейтингісінде Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 7 сатыға жоғары көтерілді. Ең жоғары қарқынмен дамып келе жатқан көрсеткіштер - кәсіпорындарды тіркеу және несиелендіру. Бірден бірнеше көрсеткіш бойынша біздің еліміз ең елеулі жетістіктерге жеткен елдердің ондығына кіріп отыр.
Бизнесті жүргізу қарқынына сай инвестициялық белсенділіктің де көрсеткіштері жақсаруда. Қазақстан ТМД елдері арасында жан басына шаққандағы тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіштері және олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі бойынша көш бастап келеді. 2007-2009 жылдары әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында, жалпы әлемдегі тікелей шетелдік инвестиция екі есе қысқарған кезде Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция қамтуда рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Талдау жұмыстары көрсеткендей, қазіргі уақытта ҚР инвестициялық жағдайы одан әрі өркендеуге жетерлік әлеуетке ие. Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің өсуі арқылы және еліміздің мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы тікелей шетелдік инвестиция көлемін жылына 10 млрд. АҚШ доллары деңгейіне дейін көтерілуі әбден мүмкін. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында инвестицияларды тарту, арнайы экономикалық аймақтарды және экспортты ынталандыру жөніндегі 2010-2014 жж. арналған бағдарламаға өзгерістер мен қосымшалар түрінде ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген ҚР шикізаттық емес секторына инвестициялар тарту жөніндегі Ұлттық жоспары дайындалды.
2016 жылы Қазақстан жалпы Орталық-Азиялық аймақтың сауда, логистикалық, іскерлік орталығы болуы тиіс.
Даму орталығы
2017 жылға таяу «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін кезеңде Астана әртараптандырылған бәсекеге қабілетті экономикасы және тартымды бизнес ортасы бар қала болады. Қазірдің өзінде жоғары инновациялық даму мен кадрлық әлеуеті бар болашақ экономикалық орталығының аяқтануы үрдісін байқауға болады. Сонымен қатар, экономикалық белсенділіктің және аймақтық, ғаламдық нарықта елдің интеграциясының өсу перспективасы жарқын. Қала күннен күнге көркейіп туристер үшін тартымды, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы ортаға айналуда.
Астана бүгінгі күннің өзінде инвестициялық жобалардың орталығына айналды. Қаланың әлемдік деңгейдегі астана ретінде мемлекеттің белсенді қолдауының арқасында жеке капитал құйылуда. Бүгінгі күні Астана экономикасына тартылып жатқан барлық инвестициялардың 60%-ға жуығы мемлекеттік емес инвестициялар.
Қаланың инвестициялық тартымдылығын көтеру мақсатында 2001 жылдан бастап елорда аумағында «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Оның құрамына жаңа әкімшілік-іскерлік орталық пен Индустриалдық парк кіреді.
Бүгінде АЭА басты бөлігі болып табылатын Индустриалдық парк аумағында жалпы құны 170 млрд. теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асырылды және іске қосу жоспарлануда. Олардың ішінен 11 кәсіпорын іске қосылды, атап айтқанда локомотив шығаратын «General Electric», жолаушылар вагондарын дайындайтын «Talgo», электровоздар «Alstom», тікұшақтар құрастыратын «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС сияқты белгілі ірі жобалар бар. 2013 жылы соммасы 25 млрд. теңге болатын 8 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, олардың арасында аффинаж зауыты, электрондық-оптикалық құралдар, әйнектен жасалатын бұйымдар және т.б.
Өнеркәсіптік өндірісті жүзеге асыру кезінде «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы аумағында нысанды пайдалануға бергеннен кейін қатысушыларға салықтан және кедендік баж салымдарын және басқаларын төлеуден босату сияқты әр түрлі жеңілдік түрлері қарастырылған.
Сонымен бірге, Индустрияландыру картасы шеңберінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына жағымды әсер етеді. 2011-2015 жылдарға арналған Астананы дамыту бағдарламасында мынандай болжам жасалған: «2015 жылы жаңа өндіріс орындарын енгізу салаға 300 млрд. теңгеден аса қаражат тартуды көздейді, бұл бюджетке салық түсуін көбейтіп, елорданың жалпы ішкі өнімінің артуына ықпал етеді, сондай-ақ 800-ден аса жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді».
Сонымен бірге, Астана қаласының әкімдігі жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды жаңарту және техникалық жағынан қайта құру, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде жұмысын енді бастап жатқан субъектілерді қолдауға атсалысып отырады.
Орташа мерзімді кезеңге Астана үшін инновациялық дамудың, қаланың сауда-қаржы, көлік-логистикалық және туристік орталық ретіндегі міндеттерін кеңейту бағытында басым жақтары белгіленді. Бұл өз кезегінде инвестициялар мен білікті мамандарды тартуға ұйытқы болады.