Астық экспортының жаңа нарығын кеңейту керек – Премьер-министр

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қосылған құны жоғары ауылшаруашылық өнімдердің экспортын арттырудың маңызына тоқталды.

Бектенов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктері жиналған өнімді тиімді өткізу, оның ішінде дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа шетелдік нарықтарға да экспорт көлемін ұлғайту үшін тиісті шаралар қабылдауы керек. Бұл ретте терең өңделген өнімдерге баса мән берген жөн. Қазір елімізде осындай ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Жамбыл, Түркістан облыстарындағы жүгері өңдеу, Астана қаласындағы крахмал өндірісі, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы лизин, глютен және биоэтанол шығаратын жобаларды атап өтуге болады, - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің сөзінше, бұл жобалармен шектеліп қалуға болмайды.

- Саланы кешенді дамыту үшін олардың санын көбейту қажет. Осыған ұқсас жобаларға инвестициялар тартуға баса көңіл бөлінуге тиіс. Дәстүрлі астық экспортынан жоғары қосылған құны бар терең өңделген өнімдерді шығаруға көшкен жөн. Жалпы азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қалыптастыру қажет. Өңір әкімдіктері тұрақтандыру қорларындағы жағдайға үнемі мониторинг жүргізіп, негізгі көкөніс өнімдерін қажетті көлемде жеткізу бойынша шарттардың уақытылы жасалуын қамтамасыз етсін, - деді Премьер-министр.

Айта кетейік, Қазақстан биыл 16 млн гектар алқаптан 27,1 млн тонна астық алды. 

Соңғы жаңалықтар