Астықты өңірлер биыл қанша тонна өнім жинайды
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің 5 өңірінде егін жинау жұмыстары аяқталуға жақындап қалса, негізгі астық егетін Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында жұмыс қарқыны күшейе түскен. Бүгін аталған үш өңірдің әкімдері Үкімет отырысында баяндама жасап, астық бастыру барысы жайында есеп берді.
СҚО-да 4,1 млн тонна астық жиналды: өнімділік 17 центнерге жетті
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірде егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда дәнді және бұршақты дақылдар 2 млн 413 мың гектар немесе 84 пайыз алқапта жиналды. Жалпы түсім — 4 млн 102 мың тонна, орташа өнімділік гектарына — 17 центнер. Майлы дақылдардың 666 мың гектары немесе 54 пайызыы бастырылды. Орташа өнімділік гектарынан 11 центнерден 733 мың тонна өнім жиналды.
— Өңірде орақ науқанын табысты аяқтауды қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданды. Облыс диқандары 5 пайыздық жеңілдікпен жалпы сомасы 80 млрд теңгеге 1350 техника сатып алды, оның ішінде 1003-і — отандық техника. Күзгі дала жұмыстарына 62 мың тонна, астық кептіруге 14 мың тонна жанар-жағармай уақытылы әрі толық көлемде бөлінді. Өнімділікті арттыру үшін 380 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды, 57 мың тонна элиталық тұқым себіліп, сорт жаңарту көрсеткіші 12,5 пайызды құрады. Облыстың астық қабылдау кәсіпорындарында 1 млн 173 мың тонна астық жеткізілді. Оның 724 мың тоннасы — бидай. Астық сақтау орындарының 48 пайызы жүктелді. Қабылданған бидайдың 60 пайызы үшінші сыныпқа жатады, — деді ол.
Оның мәліметінше, биыл агротехникалық іс-шаралардың барлық кешенін жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 220 млрд теңгені құрады. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша диқандар алған несиені жабу белгіленген кестелерге сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар келесі жылғы ауыл шаруашылық маусымына дайындық жүріп жатыр. 1 млн 800 мың гектар алқапта сүдігер жер жыртылды. Келесі жылғы егіске 487 мың тонна қажетті тұқым қоры толығымен дайын. Облыстың мал азығына қажеттілік толық қамтамасыз етілді, малдың қыстан аман шығуына азық қоры жеткілікті.
— Биыл 8 айда салаға 146 млрд теңге инвестиция тартылды, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 200 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 19 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды, олар арқылы қосымша 138 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп отыр, — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қостанай облысында 71 млрд теңгеге астықты терең өңдеу зауыты салынады
Ал Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүрековтің дерегінше, өңірде қазіргі уақытта 3 млн 390 мың гектар астық немесе егін жинау алқабының 84 пайызы бастырылды. Орташа өнімділігі гектарына — 13,6 центнерден. Майлы дақылдар 615 мың гектар, картоп 5,1 мың гектар, көкөністер 337 гектар алқаптан жиналды. Келесі жылға қажетті тұқым дайындалды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары дизель отынымен қамтамасыз етілген: 89,6 мың тонна, оның ішінде кептіргіш агрегаттарға 10,5 мың тонна бөлінді. Отынды жеткізу кесте бойынша жүзеге асырылып жатыр.
— Өнімдерді сақтауға арналған қоймалар жеткілікті: барлығы 8,3 млн тонна бар, оның 3 млн тоннасы — элеваторлық. Ағымдағы кезеңдегі жүктеме 37,2%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерде 5,3 млн тонналық қоймалары бар. Облыс бойынша 416 астық кептіру агрегаты, оның 97-сі элеваторларда және 319-ы ауыл шаруашылығы құрылымдарында жұмыс істейді. Өнімді сақтау және өңдеу қуаттары барлық өсірілген өнімді сақтауға толық мүмкіндік береді, — деді ол.
Оның айтуынша, биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру бағдарламалары бойынша 151 млрд теңгеден астам қаражат берілді, бұл өткен жылғы деңгейден 1,7 есеге көп. Минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 11 млрл теңгеден аса қаражат бөлініп, 340,5 мың тонна сатып алынды. Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында биыл 46,6 млрд теңгеге 428 трактор және 235 комбайн сатып алынған.
Сонымен қатар өңірде мынадай инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр:
— Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында «Баян Сұлу» АҚ-ның жылына 16,6 мың тонна өнім өндіретін құны 14,3 млрд теңгелік кондитерлік жобасы;
— «Лисаковск Май Экстракциялау Зауыты» ЖШС-ның құны 39,1 млрд теңге болатын жылына 174 мың тонна өсімдік майын өндіру жобасы;
— Бейімбет Майлин ауданында 365 мың тонна жемдік ұн және 219 мың тонна өсімдік майын өндіретін өндірістік кешен, инвестиция сомасы — 10 млрд теңге;
— жылына 90 мың тонна макарон өнімдерін өндіретін зауыт, инвестиция сомасы — 7 млрд теңге;
— Қостанай ауданында 1,2 млрд теңгеге сыйымдылығы 5,2 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы;
— жылына 415 мың тонна астықты терең өңдеуге арналған зауыт, құны — 71,1 млрд теңге.
Ақмолада құрғақшылыққа қарамастан өнімділік 14 центнерге жетті
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде инновациялық шешімдер енгізіліп жатқанын айтады.
— Бұл диқандарға жоғарғы өнім алуға және астық сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өңірдегі егін жинау науқаны соңына таяған шақта біз бұл жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда аграршылардың негізгі күші майлы дақылдарды, картоп пен көкөністерді жинауды аяқтауға бағытталып отыр, — деді ол.
Өңір басшысының дерегінше, қазіргі таңда дәнді және бұршақты дақылдар 4 млн гектар алқапта бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 14 центнерді құрайды, барлығы 5 миллион 600 мың тонна астық жиналды.
— Осы кезеңнің маңызды нәтижесі — өңір келесі жылғы егін егу науқанына қажетті тұқым қорымен 100% қамтамасыз етілді. Қазірдің өзінде резервке 539 мың тоннадан астам тұқым дайындалды. Майлы дақылдар 450 мың гектарға жуық алқапта жиналды, орташа өнімділігі гектарына 9 центнерден асты. Жалпы түсімі шамамен 405 мың тоннаны құрайды, — деді облыс әкімі.
Оның мәліметінше, жиналған өнімді сақтау мәселелері де бақылауда: өңірде жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тоннаны құрайтын 67 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны мен астық қоймасы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда астық қабылдау кәсіпорындары 1,9 млн тоннаға астық қабылдады, оның 71%-дан астамы, яғни 1,4 миллион тоннасы — бидай. Биылғы өнімнің жоғарғы сапасына ерекше тоқталғым келеді: жалпы жиналған астықтың шамамен 90%-ы сапасы жоғарғы 3-сыныптық астық. Оның ішінде 70%-ы құрамындағы белок мөлшері жоғары, сұранысқа ие «Hi-Pro» санатына жатады.
Астық жинау науқанын үздіксіз жүргізу үшін облыс жеңілдетілген бағамен берілетін дизель отынымен толық көлемде қамтамасыз етілді. Биыл облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 323 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, оның ішінде 237,5 млрд теңге — жеңілдетілген несиелер. Биылғы маусымда «Кең дала 2» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы ерекше рөл атқарды, оның аясында 131 млрд теңгеден астам сомаға 948 аграршы қаржыландырылды. Биыл сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасының 76%-ы отандық өндірушілер шығарған.
— Ауа райының қолайсыздығы бойынша биылғы аграрлық маусым 1998 жылға өте ұқсас: өңірде шамамен 45 күн ыстық үздіксіз сақталып, бұл аграршылар үшін үлкен сынақ болды. Сол жылы дәл осындай құрғақ жағдайда орташа өнімділік гектарынан небәрі 3,7 центнерге дейін төмендеген еді. Үкімет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың нәтижесінде биыл ондай жағдайға жол бермедік. Машина-трактор паркін жаңарту, тыңайтқыштарды енгізу көлемін арттыру және заманауи технологияларға көшудің арқасында ауа райының негативтік факторларын төмендетуге мүмкіндік берді. Президенттің өңірге сапары барысында оң бағасын алған «Digital Akmola» экожүйесі салаға жасанды интеллект технологияларын енгізуге өз тиімділігін дәлелдеді. Соңғы 30 жыл деректері бойынша орташа өнімділік 9,5 центнерді құрайтын болса, биыл 14 центнерге жетіп отыр, — деді Марат Ахметжанов.
Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов келесі егіс науқанына қажетті көлемде сапалы тұқым қорын қалыптастыруға ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
— Облыс әкімдіктері минералдық тыңайтқыштар енгізу, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша индикативтік көрсеткіштерді қамтамасыз етуі тиіс, — деді Үкімет басшысы.
Осыған дейін Қазақстанда жыл сайын шамамен 3 млн тонна картоп және 2,5-3 млн тонна көкөніс өндірілетінін жазған едік.